Бүгін бас қалада адалдық пен достықты ту еткен ерекше туындының тұсауы кесілді. Авторы басқа емес, өзіміздің әріптесіміз, журналист, «Асау жаңалықтар» бағдарламасының шеф-редакторы Айбек Қосан.
Салтанатты шараның қызыл лентасын кесу мәртебесі осы кітаптың шығуына ең бірінші себепкер болған, ең алғашқы оқырманы, автордың тұңғыш қызы Айбике Айбекқызына бұйырыпты. Осылайша, бір ай бұрын ғана Италия төрінде өткен кітап жәрмеңкесінде халықаралық сарапшылардың оң бағасына ие болған туынды көп күттірмей оқырманға жол тартты. Балалар әдебиетіндегі тырнақалды туындысының тұсауын кескен қаламгер ертегі әлеміне кездейсоқ келмедім дейді.
АЙБЕК ҚОСАН, «АСАУ ЖАҢАЛЫҚТАР» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ШЕФ-РЕДАКТОРЫ:
Менің кішкентай қызымның талабы бойынша күнде ертегі сұрағаннан кейін бұл ертегіні, кітапты күнделікті сатып алу мүмкін емес. Өзімнің санамнан, ойымнан шығарып бастадым. Жаңа образдар іздедім, олардың арасындағы диалог, конфликт, шарықтау шегіне жеткізу арқылы пісірдім. Кейін айналамдағыларға оқып берсем, ұнайтын сияқты. Тағы бір ертегі шықты. Кейін оны неге жинақ қылып, менің баламның көңілінен шықпаса, басқа балаларға жасамасқа деген оймен шығардым.