Еліміздегі ең ірі өзендердің бірі Тобылдың жағасы күл-қоқыстан бір тазарып қалды. Қостанайда «Таза Қазақстан» шарасы аясында экологиялық сенбілік ұйымдастырылды. «Таза ойын» деп аталатын науқанға қаланың белсенді жастары қатысты. Тұрғындар қоқыс жинап қана қоймай, өзара сайысқа түсті. Яғни алып келген тұрмыстық қалдықтардың көлеміне қарай қатысушыларға ұпай беріледі екен. Мәселен жастар бас-аяғы 2-3 сағаттың ішінде өзен жағасынан көлік дөңгелектерін, тұрмыстық техника, құрылыс қалдықтары мен әбден тозығы жеткен сантехника құралдарын тапқан. Акцияға қатысушылар жинаған затты сұрыптап, арнайы орындарға өткізеді.
СЫМБАТ МАНАТОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Мұнда біз жарыс ретінде, дегенмен қаламызды тазалау мақсатында өтетін ойын. Бұл жерде әрбір қоқыстың өзінің балы болады. Яғни үлкендеу қоқыс, резиналарды алып келетін болсаң, 5 балл беріледі. Сол арқылы жеңімпаздар табылады. 5 адамнан 10 адамға дейін алып келуге болады бұл жерге. Бүгін біз 8 адам болып келдік.
Тұрғындар Тобылдың арнасын күл-қоқыстан тазартып жатқанда, балық инспекциясы заңсыз орнатылған ауларды іздеуге кірісті. Ал экологиялық шараға қатысуға ниет білдіргендердің арасында жастардан бөлек, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, балалар мен белсенділер бар. Ал ұйымдастырушылар басты сыйлық ретінде барлық қатысушыға тәтті тағамдар үлестірді.