Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Заң мен тәртіп әр отбасынан басталуы керек

Алматы облысында оқу жылы аяқтала салысымен оқушылар ойын-сауық орталықтарының көрігін қыздыруда. Олар түн ортасына дейін компьютер клубтарынан шықпайды. Ал ата-аналары балаларын дүкенге жібердік деп ақталуда. «Заң мен тәртіп» аясында ұйымдастырылған рейд кезінде біраз жасөспірім ұсталды. Олардың арасында шетелдіктер де бар.

Қарасай ауданындағы полицейлер рейдке тайлы-тұяғы қалмай шықты. Қаскелең қаласындағы оқушылар тәртіпті көрінеді. Ойын-сауық мекемелерінен бірде-бірін таба алмадық. Қызықтың бәрі «Асыл арман» кешенінде екен. Жасөспірімдер мұнда орналасқан компьютер клубтарының көрігін қыздыруда. Күтпеген қонақтарды көріп, төбе шаштары тік тұрды. Ойын залдарында балалардың жүруіне жол берген әкімшілер жасөспірімдерге ескерту де жасамаған. Өзі жауапкершілікке тартылатын болған соң ақталып шыға келді.

АЙБОЛ ҚАСТЕР, КОМПЬЮТЕР КЛУБЫНЫҢ ӘКІМШІСІ:

Түрлері 18-ге толғанға ұқсап тұрды. Олар фотоға ертерек кірген. Уақыт өткеннен кейін 11.00 болғанын байқамай қалыппын.

Түнгі уақытта бейберекет жүрген балалардың барлығы учаскелік пунктке жеткізілді. Ал ата-аналары ойын залында отырған ұлдарын дүкенге жібергенбіз деп ақталды.

Айналдырған жарты сағаттың ішінде компьютер клубтарынан оннан астам жасөспірім анықталды. Олардың арасында шетелден келгендері де бар. Барлығының заңды өкілдері шақырылып, хаттама толтырылды.

БЕРІК ДӘКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабына сәйкес балалар түнгі сағат 22.00-ден бастап үйінде отыруы тиіс, тыйым салынады, және 23.00-ден бастап ойын-сауық орындарында болмауы керек. Бүгінгі күні 12 бала ұсталып, заңды өкілдеріне әкімшілік хаттама толтырылатын болады.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жыл басынан бері Алматы облысында түнгі уақытта қараусыз жүрген 5 мыңға жуық жасөспірім анықталып, заңды өкілдері жауапкершілікке тартылыпты. Бірінші рет ұсталса 12 мың, тағы қайталанса 42 мың теңге айыппұл салынады.

← Барлық жаңалықтар