Мазмұнға өту

Ерекше балалар колледжде білім алатын болады

Атырауда ерекше қажеттілігі бар жастар кәсіптік білім алуға мүмкіндік алды. Осы мақсатта қаладағы колледждердің бірінде арнайы оқу-өндірістік комбинаты ашылды. Жоба аясында 30 жас кондитер, аспаз және тігін ісі бойынша оқиды. Студенттердің қатарында аутизм мен Даун синдромы диагнозы қойылған жасөспірімдер бар. Әрқайсысының қабілетіне қарай арнайы бағдарлама жасалып, сабақтар шағын топта өтеді. Мамандар оқу процесінде визуалды кестелер мен жеңілдетілген тәсілдерді қолданады. Бұл ерекше балалардың жаңа ортаға тез бейімделіп, кәсіпті тиімді игеруіне көмектеседі.

САМАЛ ЖҰМАШЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл біз үшін үлкен жетістік. Себебі біздің балаларымыз тек қана білім алып қоймай, ертең өз нанын өзі тауып жесе, біз үшін үлкен жетістік. Менің балам қазір кондитер курсына түсіп, бұйырса, 9 айдан кейін қажетті сертификатты алып, осы салада өзінің жолын тауып, нанын табады деген тілектемін.

← Барлық жаңалықтар