Мазмұнға өту
· 10 қаралым

АҚШ-та топжарған қазақ жастары

Шымкенттік оқушылар АҚШ-та өткен әлемдік чемпионатта топжарды. Жас техниктердің құрастырған дүниелері зағип балаға білім үйретіп, керең адаммен тілдесуге мүмкіндік береді. Жер-жаһаннан 300-ден астам команда қатысқан сайыста біздің жерлестер инклюзивті ортаға қосқан үлесі үшін үздік шықты.

Жас өнертапқыштардың алғашқы жобасы – көзі көрмейтін жандарға арналған арнайы экожүйе. Оның құрамына Брайль қарпімен жазылған робототехника кітабы мен 3D форматтағы тактильді бокс енген. Яғни, зағип жандар теориялық ақпаратпен ғана шектелмей, робот бөлшектерін қолмен ұстап, сезіну арқылы да білім ала алады.

ИРИСБЕК УЛУГБЕКОВ, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Яғни, көзі көрмейтін, зағип, ерекше достарымыз тек теория ғана оқымай, сол детальдарды алып, ұстап көріп, сезіне алады. Біз бұны теория жүзінде жазып, әлеуметтік желіге жүктеумен ғана шектелген жоқпыз. Бүкіл әлем бойынша кітапты таратып бастадық.

Ал мынау «Сөйле» ақылды көзілдірігі құлағы естімейтін адамның қоршаған ортамен байланысын үздірмейді. Яғни, заманауи көзілдірік айтқан сөзді экранға мәтін ретінде шығарып бере алады.

КАМИЛА КЕМЕЛБЕК, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Экран арқылы адамның сөйлегенінің шрифті, яғни субтитрі шығады, сол арқылы құлағы естімейтін адам қарым-қатынасқа түсіп, адамның ойын оқи алады, көре алады.

Жасөспірімдердің әлеуметтік жобалары әлемдік деңгейде жоғары бағаланды. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST World Championship робототехника чемпионатында топ жарды. Әлемнің түкпір-түкпірінен 40 елден 336 команда қатысқан додада шымкенттік жастар үздік атанды. Ал жоба жетекшісі оқушылар қандай да бір жарыста жеңіп шығуға емес, керісінше қоғамға шын мәнінде пайдасын тигізуге және мәселені шешуге ұмтылғанын айтады.

ӘСЕМ СЕРІКБАЕВА, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің балаларымыз кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығының оқушыларына, көру қабілеті шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатына, ауылдағы-аймақтағы мектептерге қолдау көрсету арқылы STEM білімін кеңінен аудиторияға таратты.

Қазір оқушылар әзірлеген тактильді кітап арнайы білім беру ұйымдарының бағдарламасына енгізіле бастаған. Сонымен қатар, балабақшадағы балаларға арналған танымдық құрал да дайындалып жатыр. Жас өнертапқыштардың басты мақсаты – технологияны адам өмірін жеңілдетуге бағыттап, кедергісіз қоғам қалыптастыруға үлес қосу.

← Барлық жаңалықтар