Әр балаға 130 доллар немесе 62 900 теңге. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында биыл ұл-қыздардың шотына осынша сома түседі екен. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі мәлімдеді. Шынар Ақпарованың айтуынша, елімізде 7 млн-ға жуық бала бар. Сөйтіп, осы жоба аясында 18 жасқа толмаған әрқайсына жылдағыдай қордың 50 пайыз инвестициялық табысы аударылады. Егер 2024 жылы бұл қаржы көлемі бір балаға шаққанда 100 доллардың шамасында болса, биыл 130 долларға жетіпті. Осылайша, 2026 жылы қазақстандық ұл-қыздардың дербес шотына 900 млн долларға дейін қаржы аударылады екен.
ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Өскелең ұрпаққа сапалы білім алу үшін бөлінетін мемлекеттік гранттарға қосымша қаражат жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» бағдарламасы іске асырылуда. Осылайша, еліміздің демографиялық өсімі аясында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы мен «Келешек» бағдарламасы балаларды келешекте біліммен қамтамасыз етуге, лайықты мамандықты меңгеруге немесе тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді.