Дамаскідегі Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясының жауапкершілік аймағындағы Фауар базасында қазақстандық бітімгерлік контингенттердің жоспарлы ротациясы жүзеге асырылды. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жаңа құрамы алдыңғы әскери қызметшілерді алмастырып, миссия аясындағы міндеттерін атқаруға кірісті.
РИШАТ САДЫҚОВ, ҮШІНШІ БІТІМГЕРЛІК КОНТИНГЕНТТІҢ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІСІ:
Үшінші ұлттық контингенттің жеке құрамы Голан биіктеріне келіп жетті. Біз бүгіннен бастап алдыға қойған тапсырмаларды орындауға кірісеміз. Біздің бұл жақтағы басты тапсырмамыз екі ел арасындағы бөлінуді бақылау болып табылады. Біз бір жыл бойы өз алдымызға қойған тапсырманы үлкен абыроймен орындап, бір жылдан кейін елімізге, Отанымызға аман-есен оралуға міндеттіміз.
Әскери базаның саптық алаңында еліміздің Мемлекеттік Туын тапсыру рәсімі өтті. Бұл салтанатты шара алдыңғы құрамның миссияны аяқтап, жаңа бітімгерлік контингенттің қызметке кіріскенін білдіреді.
Қазақстандық әскери қызметшілер бақылау бекеттеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, аумақты патрульдеу, гуманитарлық жүктерді алып жүру міндеттерін орындады. Сонымен қатар, эвакуациялық іс-шараларға қатысып, жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.
ЖӘНІБЕК НҰРЛАНОВ, ЕКІНШІ БІТІМГЕРЛІК КОНТИНГЕНТТІҢ КОМАНДИРІ:
Жергілікті тұрғындармен тығыз қарым-қатынас нығайтты. Және де атап өтетіндей, біздің инженерлік топ жауапты аймақты жарылғыш заттардан тазартып, залалсыздандырды. Олар төрт мыңнан астам жарылғыш затты тауып, жауапты аймақтағы қауіпсіздікті нығайтты.