Мазмұнға өту
· 11 қаралым

LRT президентпен кездестіреді деген бала сыйлық алды

«Қасым-Жомарт Тоқаевты сағындым». Осылай деп көптің жүрегін елжіреткен бүлдіршін естеріңізде болар. Үш жасар Әміре есімді бүлдіршіннің осы видеосы қазнетте кеңінен тараған еді. Алғаш рет LRT вагонына отырған ол көліктің ел президентімен кездесуге апаратынына шын жүректен сеніп, соңында Мемлекет басшысын кездестіре алмағанына қатты мұңайған. Сәбидің кіршіксіз көңілін Президент ескерусіз қалдырмады. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай кішкентай Әміре Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бүлдіршінге ерекше құрмет көрсетілді. Осылайша, «LRT мені Президентке апарады» деген бала арманы орындалып, Әміре Ақордадан арнайы сәлемдеме алды.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ИНСТАГРАМДАҒЫ ЖАЗБАСЫНАН:

Мұндай сәттер арманға қанат бітіріп, жақсылыққа сенуді, өмірдің әрбір қарапайым сәтіне балаша қуана алу қасиетін жоғалтпау керектігін тағы бір мәрте еске салады. Мына әлемді балалардың пәк күлкісі мен шынайы сезімі нұрландыра түседі. Әміреге мықты денсаулық, армандарының орындалғанын және шаттыққа толы бақытты балалық шақ тілеймін!

← Барлық жаңалықтар