Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Атыраудағы қылмыс: куәгерлер не деді?

Атырауда қайын жұртын қырып салды деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты кезекті сот отырысы өтті. Бұл жолы куәгерлерден жауап алынды. Жангелдин ауылы тұрғындарының сөзінше, күдікті балдызы Наурыз Мұқанғалиевтің атынан мессенджер арқылы тілдесіп, түрлі өтініш айтқан екен. Ал ауылдастарын күдікті үйдің үлкендерін емдетіп жүрмін деп сендірген.

Қоғамды дүрліктірген оқиға мұнайлы өлкенің ауданаралық қылмыстық істер сотында қаралып жатыр. Бұл жолы куәгерлерден жауап алынды. Алғашқылардың бірі болып, фемида өкілдерінің алдына Берік Жоламан шықты. Ол Жангелдин ауылының тұрғыны, Қарабалиндер әулетінің құдайы көршісі екен.

БЕРІК ЖОЛАМАН, МАРҚҰМ МАҚСОТ ҚАРАБАЛИННІҢ КӨРШІСІ:

Ол айтты маған: «Үй іші кетіп қалды, емделуге, қойды қамай қойшы», деп. Қойды қамап тастадым кіре беріске. Кешке қарай тағы жазады: «Көрші, ертең таңертең қойды шығара қойшы. Үйдегілердің шаруасымен жете алмай қалдық», деп. Сосын мен қойды таңертең шығарып жібердім.

Күдікті Сұлтан Сәрсемалиев ойлағанын іске асырып, бой тасалап жүрген алғашқы уақытта ауылда қалған малды көршісіне бақтырып келген. Тіпті көмегі үшін аз-маз қаражат та ұсыныпты. Алайда «көрші ақысы, тәңір ақысы» деген ұстанымда болған Берік Жоламан ақшаны алудан бас тартқан. Марқұмдарға шын ниетімен көмектескісі келген көршісі қой-ешкілерді қарасып, жем-суын ұдайы беріп тұрған.

БЕРІК ЖОЛАМАН, МАРҚҰМ МАҚСОТ ҚАРАБАЛИННІҢ КӨРШІСІ:

Бармайтын болды үйдегілер, содан «малымды қарап берші» деді. Осы аптаның соңына дейін. Мен жексенбіден 9-на дейін қарап бердім. 7-сі күні маған Нәсіп апаның Каспийімен ақша аударды. 10 мың теңге аударды. «Көрші еңбегің ғой» деп. «Рахмет, көрші ақысы деген бар», деп мен ештеңе алған жоқпын да, қайтадан Наурыздың голдына лақтырдым.

Ал көрші-көлеммен мессенджер арқылы үнемі тілдесіп, өтініш айта алмайтынын түсінген күдікті көп ұзамай-ақ ата-енесінен қалған «ат төбеліндей» малды сатып құтылуға оқталған. Бұл жолы да Сұлтан Сәрсемалиев балдызының атынан төрт-түлік саудасымен айналысатын ауылдастарын іздестірген.

АЗАМАТ ДОСЖАНОВ, КУӘГЕР:

Төрт баспағым бар, қағазда жазылған түр-түсі, құлағындағы сырғасы бар. Осы 4 баспағымды сатып берші. Үстіндегі пайдасын өзің көре бер. Басында мен танымадым. Жоқ, мен ондаймен айналыспаймын. Ертең баспақ алатындар келеді. Солардың нөмірін берейін, соларға хабарласып, өзің сата бер дедім.

Біреудің атынан еш саспастан, жайбарақат диалог құрып жүрген күдікті тіпті бақылаушы мамандармен де хат алмасып үлгеріпті. Су мен жарықты тексеретін мамандарға қайын атасының құжаттарын жіберіп, есептегіш құрылғылардың да нөмірлерін айтып отырған. Коммуналдық қызметтің ақысын да төлеген. Бірақ телефонмен ауылдастарының бірі де тілдесе алмапты.

ҚҰНДЫЗ ЖҰМАҚҰЛОВА, КУӘГЕР:

Мен 4 декабрь күні Наурыздың телефонына жаздым. Сосын ол бала 5 декабрь күні таңертең 7-де Мақсоттың ЖСН-ін, көше атын, үйдің нөмірін, данныйларын жазып жіберді маған. Учетчиктің де нөмірін салып жіберіпті.

← Барлық жаңалықтар