Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Ана мен бала өліміне кім кінәлі?

Алматыда жүктіліктің 32-ші аптасында қайтыс болған келіншектің жақындары дәрігерлерді кінәлап отыр. Перзентханаға ішім ауырды деп барған жүкті әйелге дәрігерлер бірден ота жасап, ана мен баланың өмірін аман алып қала алмаған. Бірақ жақындарына не үшін ерте кесір тілігі жасалғанын түсіндірмеген. Нақты диагнозы да жоқ. Отбасы мәйітханада марқұмның жатыры жоқ екенін біліпті. Бір айдан бері қайғыдан қан жұтқан әулет өлімнің себептерін білгісі келеді.

Көз жасын әрең ұстап, өксігін жұтқан азамат бір ай бұрын жарсыз қалған. Әйелінің үшінші жүктілігінде барынша күтім жасағанын айтады. Бірақ 4 мамырдың түнінде келіншектің денсаулығы күрт нашарлап, перзентханаға өз аяғымен барыпты. Ондағылар бірден басқа перинаталды орталыққа жіберген. Төртінші перзентханада сәйкесінше қан талдауы, жүрек қағысы тексеріліп, бірден отаға алып кетті дейді.

АЛЕКСЕЙ ЕФИМЕНКО, МАРҚҰМНЫҢ КҮЙЕУІ:

Жарты сағаттың ішінде әлдебір дүрлігу басталды. Дәрігерлер жүгіріп, жан-жаққа қоңырау шалды. Не болып жатқаны түсініксіз. Бізге де ештеңе айтылмады. Тек түнгі үштер шамасында медбике шығып: «Баланы қалай атар едіңіз?» деген сұрақ қойды. Баламның шетінегенін сол кезде бірден түсіндім.

Яғни жүктіліктің 32-ші аптасында түскен келіншекке кесір тілігі жасалыпты. Шақалақ ана құрсағынан өлі туылды деп түсіндірген. Ал Анна Ефименконы реанимация бөліміне көшіріпті. Жағдайы ауыр, операция үстінде екі рет жүрегі тоқтап, көп қан жоғалтты деген. Сөйтіп, әкесі шетінеген баласының жерлеу рәсіміне кіріскен кезде, дәрігер шұғыл шақыртып, келіншегінің де қайтыс болғанын айтқан.

АЛЕНА ГРАДОВИЧ, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:

Операция кезінде сіңілімнің жатырын алып тастағанын біз тек мәйітханада білдік. Дәрігерлер ол туралы мүлдем айтқан жоқ. Жатыр неге екені Алғабас мәйітханасына жіберіліпті. Күдік сол кезден басталды. Сот-медициналық сараптама 3-4 апта дайындалады екен. Сондықтан да сіңілімнің қай кезде демі үзілгенін, қандай диагноз қойылғанын білгіміз келеді. Бұл жерде бір жасырын дүние жатқан сияқты.

Отбасым толығып, әйелі мен баламды перзентханадан шығарамын деп жоспарлап жүрген әке қос мәйітті құшақтап қалдым деп қайғыруда. Оның үстіне дәрігерлер не үшін шұғыл ота жасалып, сегіз айлық баланы ерте босандырғанын түсіндірмеген. Енді ғана ес жиған әулет қазір өлімнің себебін анықтай алмай дал. Ал ақ халаттылар медициналық сараптама құжаттары шықпай ештеңе айта алмаймыз деп отыр.

ЛӘЙЛӘ ИМАНҒАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Онда дереу дәрігерлік консилиум өткізіліп, шұғыл емдеу-диагностикалық шаралар жүзеге асырылып, қажетті медициналық мамандандырылған көмек көрсетілді. Өкінішке қарай, жүргізілген реанимациялық және қарқынды емдеу шараларына қарамастан, пациент пен баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Пациенттің диагнозы, емдеу шаралары және тексеру жағдайы дәрігерлік құпияға жатады.

Қазір қос перзентханадағы сол күнгі емдеу шаралары жіті тексерілуде. Ал екі баламен бір өзі қалған әке әйелінің өліміне кінәлі дәрігерлер жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Себебі туғандарына шақалақ асфиксиядан шетінеп кетті десе, құжатта гипоксия, яғни оттегі жетпеді деп көрсетіліпті.

← Барлық жаңалықтар