Бір отбасының екі перзенті суға ағып, көз жұмды. Қайғылы жағдай Түркістан облысының Келес ауданында болды. 13 және 8 жастағы ағайынды балалар Ошақты каналына құлап кетіп, оларды қатты ағыс алып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, кішкентайлар үлкендердің қарауынсыз қалыпты. Марқұмдардың бірінің денесі сол түні, екіншісінің мәйіті келесі күні табылған. Ағалы-інілі бауырларды іздеуге жедел-құтқару жасағының 73 маманы, 11 техникасы және 2 жүзу құралы тартылыпты. Ал қара жамылған отбасы ағысы қатты каналдың төңірегін қоршап беруді талай уақыттан бері өтініп келіпті. Жауаптылар қайғылы жағдайдан соң ғана қимылдай бастады, енді қоршаймыз деп отыр.
ФУРКАТ ЖОЛДАСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:
Түркістан облысында 2026 жыл басынан суға кету жазатайым оқиғаларының 16 дерегі тіркелген. Оның ішінде 12-сі – жас бала. Осыған байланысты Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтарына айтарымыз: жас балаларды үлкендердің қарауынсыз суға жібермеуді сұранамыз.