Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Жыл сайын жаза мерзімі қысқарады

Тәртібің жақсы болса, бостандыққа ерте шығасың. Аяқ астынан қара басып, жаза арқалаған жандарға қатысты жағымды ақпар. Енді сотталғандар анда-санда жарияланатын рақымшылықты күтпейді. Сенаторлар осыған қатысты заң жобасына түзетулер енгізді. Демек, бұдан былай бір жыл бойы колония ішінде тәртіп бұзбаса, басшылардың айтқанын екі етпей, мәдени шараларға белсенді қатысса, өтелмеген жаза мерзімінің бір айы қысқарып отырады. Ал келесі күнтізбелік жылда да бұл әдетінен танбаса, тағы да 30 күн жаза шегеріледі. Бұл норма Президент тапсырмасына орай дайындалған. Себебі жаза арқалаған жандарды қоғамға тезірек бейімдеп, оларды жігерлендіру қажет. Бірақ мұндай жеңілдіктен аса ауыр қылмыс жасаған азаматтар үміттене алмайды. Сенатор Марат Қожаевтың сөзінше, Парламенттің жоғарғы палатасында бас-аяғы 81 заң жобасына өзгерістер енгізу көзделген. Оның арасында 15 кодекс бар.

МАРАТ ҚОЖАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Өзгерістер заңға енгізілді. Колонияда отырған адамдар заңдылықты, тәртіпті сақтау үшін, ертең қоғамға қайтып келгенде өзінің тәрбиесін қоғамның талабына сай келтіру үшін істеліп жатқан нәрселер ғой. Бір жылдың ішінде ешқандай заң бұзушылық жасамаса, оған шартты түрде бір айы қысқарып тұрады. Жыл сайын. Өтелмеген мерзімінің бір айы қысқарады.

Сондай-ақ енді істі болған ата-аналардың да құқығы кеңейтіледі. Заң жобасының бір бөлігі сотталған әйелдер мен кәмелетке толмаған баласы бар аналарға арналған. Бұдан былай қауіпсіздігі минималды колонияда жазасын өтеп жатқан келіншектер жылына екі рет перзентімен мекеме аумағынан тыс кездесуге мүмкіндік алады. Жақын-жуықтарымен телефон арқылы байланыс тақырыбы да құжаттан тыс қалмады. Әйелдерге және жалғызбасты әкелерге балаларымен тілдесуге жиі мүмкіндік беру мәселесі қарастырылып жатыр.

← Барлық жаңалықтар