Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Арыстанбек Мұхамедиұлының тағы бір былығы әшкере болды

Түрмеде отырған Арыстанбек Мұхамедиұлының тағы бір былығы әшкере болды. Экс-шенеунік түкірігі жерге түспей тұрған кезде өз қызметін асыра пайдаланып, осыдан 10 жыл бұрын «Қазақ энциклопедиясы» мекемесін арзанға сатып алып, оны заңсыз меншіктеп алыпты. Мемлекеттің мүдделерін қорғау мақсатында Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуратурасы жекешелендіру шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арызбен жүгінген. Кассациялық соттың қаулысымен бұл арыз толық қанағаттандырылып, нарықтағы құны 1 млрд 300 млн теңге тұратын нысан мемлекетке қайтарылды. Еске салайын, 2022 жылы Ұлттық музейдің директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынған еді. Оған бюджет қаражатын жымқырды, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, пара беруге оқталды деген айыптар тағылды. Осы және басқа да қылмыстар бойынша кінәлі деп танылып, 11 жыл бас бостандығынан айырылған болатын.

← Барлық жаңалықтар