Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Әкімдік берген үйдің шатыры ұшып кетті

Әкімдік берген үйдің шатыры ұшып кетті. Жамбылдағы жаңа баспаналардың кепілдік мерзімі біте салысымен қатты желден төбесі айқарыла ашылып қалды. Әлеуметтік осал топқа берілген нысанның жылға жетпей қабырғалары қақырап, кей пәтердің ішін көк зең жайлапты. Ғимаратының қызығынан гөрі қиындығын көріп отырған тұрғындарды Дәурен Доғдырбай тыңдап қайтты.

ДӘУРЕН ДОҒДЫРБАЙ, ТІЛШІ:

Меркілік жұрт жылдар бойы әрең қол жеткізген баспанамыз бес жылдан бері әлекке салып келеді дейді. Айтуларынша, қабырғасы көгеріп, сыпырылып түскен ғимарат жай соққан желге шыдас бермеген. Салдарынан шатыр көкке ұшып, баспана іші суға толған.

Арендалық үйдің мәселесін көтеріп, әкімдік табалдырығын тоздырған әлеумет шатырдың апатты жағдайда екенін атқамінерлерге бірнеше рет ескерткен. Алайда базыналарын тыңдар құлақ болмапты. Соның әсерінен баспаларға су өтіп, мүліктеріне зақым келген.

ГҮЛСІМ ҚАНАЕВА, МЕРКІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз жаңағы қуанып ішіне кіріп алдық қой, ішіне күшті жағдайы бар, керемет үйге келдік, аяғымызды көтеріп жатамыз деп келіп едік. Аяғымызды көтермек түгілі, біз түнімен ұйықтамаймыз. Шатыры анау, бір жел болып еді, ұшып кетті. Үстінен түнімен су ақты.

Арендалық бұл үйлер 44 отбасыға арналып соғылған. Әлеуметтік осал топ өкілдеріне табысталып, 2022 жылы жұрт жаппай қоныстанған. Бірақ сол уақыттан бері мақтауы асқан үйлерде мың мәселе туындап, жұртты жыларман еткен. Тіпті алғашқы жылдың өзінде-ақ сыр берді дейді.

ЗУЛЬФИЯ ЖАНСҮГІРОВА, МЕРКІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен өзім 7 баламен жесір анамын. 7 баламмен 18 жыл жүрдім, квартирадан квартираға. Бұған да тәуба, шүкір дедім. Бүгінге дейін үндемедім. Просто мынау шатыр ұшқанда, менікі бірінші үй. Шатыры бүйтіп көтерілді. Менде видеосы да, бәрі де бар!

Жаңа үйдің жыры мұнымен бітпейді. Салқын су сыздықтап, кейде тіршілік нәрі тіпті тоқтап қалады. Жарық та жиі сөніп, жұрт үнемі май шаммен отыруға мәжбүр. Тіпті бұл көрініс көпшілікке үйреншікті жағдайға айналып барады.

ТҰРҒЫН:

Бұл деген сұмдық, мүлде істемейді. Мынандай бола ма? Мынау мүлде істемейді. Жауып тастадым. Баяғыдан істемейді.

Ауыл былай тұрсын, аудан басшысын да көрмедік деген көпшілікпен бірге атқамінерге хабарластық. Шенеунік бұл баспаналар өз қызметіне тағайындалмай тұрып табысталған деп қарашаға қарасын көрсетпеді. Оқиға орнына өзі келмей, салаға жауапты маманды жіберді. Әкімдік өкілі аталған үйлердің кепілдік мерзімі аяқталғанын айтып, демеушілік есебінен көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.

ЕРБОЛ ӘКЕК, МЕРКІ АУДАНДЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қаржыны енді біз ана материалды, мына материалды қарызға сұрап, демеушілік көмекпен өстіп соғып беріп, жамап беріп жатырмыз. Бірақ енді тұрғындардың ұсыныстарын қолдан келгенше біз істеп беріп жатырмыз.

Жергілікті билік бұл баспана ғана емес, аудан бойынша өзге де жеке кәсіпкерлік нысандар да желден бүлінгенін баяндады. Тоғыз ауылда электр желілеріне қатысты мәселе туындап, 400-ге жуық үй жарықсыз қалыпты.

← Барлық жаңалықтар