Ауаның ластануы, қоршаған ортаға келіп жатқан зиян, су тапшылығы, орман өрті мен алапат тасқын. Технология қарқынды дамыған заманда осындай экологиялық мәселелер жайлы жиі айтылып жүр. Бүгін бұл проблемаларды шыр-пыр болып көтеріп жүрген экологтардың күні. Бұл мамандықты таңдағандар жер ананы аялап, оны түрлі қатерлерден сақтау үшін тынымсыз еңбектеніп келеді. «Жалғыздың үні шықпасын» дегенді түсінетін идеялас жандар бір ортаға бірігіп, күресуде. Сондай ұйымдардың бірі – 2018 жылы құрылған Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы. Оның төрайымы Лаура Мәлікованың айтуынша, планетамыздағы экологиялық проблемаларды жүйелі түрде шешпесек, келешек ұрпақ үшін салдары тым ауыр болуы мүмкін.
ЛАУРА МӘЛІКОВА, ЭКОЛОГ:
Қазақстанның әрбір азаматына, тіпті ғаламшардағы барлық адамзатқа табиғатқа зиян келтіретін іс-әрекеттерді азайту үшін түрлі іс-шаралар қабылдау керек деп айтар едім. Мысалы, суды, электр энергиясын үнемдеу, мүмкіндігінше жаяу жүруге тырысу. Егер жаяу жүру мүмкін болмаса, велосипедтерді пайдалану керек. Яғни ауаны ластамайтын көлік түрлерін қолдану қажет деп санаймын. Ешқашан оптимизмді жоғалтпаған жөн. Шыны керек, біз қазір экология нашар кезеңді өткеріп жатырмыз. Кейде «планетаны құтқарып жатырмыз» деп тым желеу ету шындыққа қайшы. Одан да үлкен қадамдарды кішігірім әрекеттен баста дер едім. Біздің басты ұранымыз – осы.
Елімізде табиғатты қорғау, экологиялық мәдениет қалыптастыру және «жасыл экономика» мәселелері соңғы жылдары жиі айтылып келеді. Бұны жүзеге асыру мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы іске қосылған. Жобаның мақсаты – халықтың санасына қоршаған ортаны таза ұстау ұғымын терең сіңіру.