Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Бастықты орнына қоятын заң

Бүгіннен бастап Еңбек кодексіне енгізілген нормалар күшіне енеді. Президент бұған дейін қол қойған жаңа түзетулер топтамасы жұмыс берушілер үшін «ойын ережесін» өзгертпек. ГПХ үшін айыппұл, скринингке арналған демалыс және соңғы жұмыс күнін айқындау мәселелері. Жаңа жобадағы тың өзгерістер тек жұмыс ұсынған тарапқа емес, еңбекке тартылған азаматтардың да жауапкершілігін күшейтеді. Бастық пен бағыныштының арасындағы қатынас енді қалай реттеледі?

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Бұдан былай 14 жасқа дейінгі баласы бар жалғызбасты немесе ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарды жұмыстан себепсіз шығаруға тыйым салынады. Президент Еңбек кодексіндегі осы және өзге де бірқатар өзгерісті мақұлдады. Енді жұмыс берушілер «штат қысқарды» немесе «ақша жоқ» деген сылтаумен әлеуметтік осал топтағы қызметкерді далаға тастай алмайды. Бұл – тікелей заң бұзу болып саналады.

Елордалық Фариза Сейсенбайдың отбасы мұндай әділетсіздікпен осыған дейін бетпе-бет келген. Айтуынша, күйеуін басшылық еш себепсіз, дәл жалақы алар алдында жұмыстан қуып жіберіпті. Екі бірдей ерекше баланы тәрбиелеп отырған жас отбасы үшін бұл ауыр соққы болған. Сондықтан олар жаңа заңның қабылданғанына қуанып отыр.

ФАРИЗА СЕЙСЕНБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жолдасымды аяқ астынан, еш себепсіз жұмыстан шығарып жіберді. Оның орнына басқа адамды алғылары келген сияқты. Тіпті өзінің адал еңбегімен тапқан ақысын, бонусын да ала алмады. Енді қабылданып жатқан заңға разымыз. Өйткені ол біз сияқты отбасыларға тұрақтылық пен кепілдік береді.

Иә, енді заң күшіне енген соң, мұндай жағдайда басшылық жауапкершіліктен жалтара алмайды. Түрлі сылтаумен еңбек шартын біржақты бұзуға жол берілмейді.

АРМАН КЕНЖЕҚҰЛОВ, ЗАҢГЕР:

Жұмыс берушінің бастамасымен шығаруға болмайды деген сөз – мысалы, «штат қысқарды», «жұмыс көлемі азайды» немесе «біліктілігің сай келмейді» деген сияқты баптарға сүйеніп, бұл санаттағы кісілерді енді қызметтен босата алмайды.

Алайда заң қорғайды екен деп, жұмысқа салғырт қарауға да болмайды. Егер қызметкер ішкі тәртіпті бұзып, өз міндетін орындамаса, жұмыс беруші онымен қоштасуға толық құқылы.

БИБІГҮЛ АҒЫБАЕВА, ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Егер бұл санаттағы жұмыскерлер еңбек тәртібіне бағынбай, өз міндеттерін уақытылы әрі дұрыс орындамаса, жұмыс беруші келісімшартты үзе алады. Яғни бұл заң «кез келген ережені бұзып, жұмыс істемей жүре беруге болады» деген сөз емес. Кодекстің 52-бабында еңбек шартын бұзудың 23 түрлі негізі көрсетілген.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Жаңа заң аясында азаматтық-құқықтық сипаттағы, яғни ГПХ келісімшарттарын пайдалануға қатаң шектеу қойылды. Басшылық мұны негізге алып, қызметкерді міндетті төлемдерден қаға алмайды. Бұдан былай жұмысқа қабылдау тек еңбек шарты арқылы жүзеге асуы тиіс. Осылайша әрбір жұмысшының ақылы еңбек демалысына және әлеуметтік-медициналық сақтандыруға қол жеткізу құқығы толық қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, азаматтық-құқықтық шарт бойынша белгілі бір мерзімге арналған я болмаса бір реттік келісімге отыруға болады. Егер сол келісімде еңбек шартына тән белгілер болса, екі тарап міндетті түрде еңбек шартын рәсімдеуі тиіс.

← Барлық жаңалықтар