Телеграмға кірерде абай болыңыз. Өйткені әккілер танымал мессенджерде алаяқтықтың жаңа түрін шығарыпты. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді. Желідегі жұртты жарға жығып үйренгендер алдымен жалған хабарлама таратады екен. Аккаунтыңыз өшеді, жеке парақшаңыз өзгенің қолына көшеді деп үрейлендіреді. Кейін болдырмаудың жолын білеміз, ол үшін кодты айтып жіберіңіз деп іші-бауырыңызға кіре бастайды. Тіпті файлдар мен байланыс нөмірлері біржола жойылады, телефоныңыз бұғатқа қойылады деп шошытуы мүмкін. Алайда мұның бәрі қып-қызыл өтірік. Кодты алған бойда аккаунтыңызды билеп-төстеп, жақындарыңыздан ақша сұрап, жеке парақшаңыз арқылы алаяқтық жасауы ықтимал. Сондықтан жауаптылар ешкімге ешқашан сенбеуге шақырды.
Жақсылық Жасұланұлы