Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Қалың қалай, студент?

Оқу жылының аяқталғаны кеше ғана, мәжілісмендер білім алушылардың мәселесіне алаңдаушылық білдіріп жатыр. Сөздерінше, жеке парақшаларына жастардан келетін хаттар легі толастар емес. Басым бөлігі жатақхананың жағдайына қатысты екен. Осы орайда Үкіметтен жауапты министрлік өкілдерін жинап, елдегі студенттер үйінің жайын талқылады. Депутаттардың сөзінше, жастардың кем дегенде 20 пайызына жатақхана жетпейді. Сол себепті халық қалаулылары бірнеше негізгі тетікті қарастыруды ұсынып отыр. Соның ішінде инфрақұрылымға инвестиция салатын университеттерге салықтық жеңілдік беру, білім мекемелеріне KPI мәселесін енгізу, сондай-ақ студенттік үйдің ұлттық стандартын қалыптастыру, дейді.

НҰРГҮЛ ТАУ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Жуынатын жердің, тұратын бөлменің, ас дайындайтын орынның, барлық жағдайдың болмауы, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталмауын, осының бәрін көрдік. Жақсы, кері байланысқа шығып, жөндеп көрсетіп жатқан университеттер бар, оларға ризамыз. Ол деген өздерінің студенттері үшін істеген жақсылық қой. Үндемей отырған университеттер де бар, ойлап отырмыз, оларға KPI енгізу туралы ұсыныс береміз.

Бұл ретте Қаржы министрі Мәди Тәкиев күні кеше ғана жатақхана мәселесін Мәжіліс мінберінде айтып, көтерген еді. Оның сөзінше, былтыр республикалық бюджет шығыстары 99 пайызға орындалып, ұлттық жобалар аясында 10 мың студент үшін 30 су жаңа жатақхана пайдалануға берілген.

← Барлық жаңалықтар