Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Бас қалада беби-бум!

Бас қалада нағыз беби-бум! Елордада екіқабат әйелдердің саны артып, соңғы он жылда 35 пайыз көбейген. Ал перзентханалар демографиялық өсімге ілесе алмай жатқан көрінеді. Осы мәселеге білек сыбана кіріскен қала басшылығы екі перинаталдық орталықтың іргетасын қалап жатыр. Нысандардың бірі 2027 жылы пайдалануға беріледі. Бұл туралы қала әкімі инстаграмдағы парақшасына жазды. Жеңіс Қасымбек жобалардың жүзеге асуы қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін нығайтатынына сенім білдірді. Сондай-ақ қазір Астанада 11 медициналық нысан салынып жатыр. Оның ішінде көпбейінді аурухана, 8 заманауи емхана және 2 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы бар.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сарыарқа ауданында 300 орынға есептелген көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта №2 қалалық көпбейінді аурухананың жанындағы қабылдау-диагностикалық кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Сол сияқты «Нұрлы жол» вокзалы маңында бір ауысымда 350 адам қабылдайтын жаңа емхана жұмысын бастады. Бұдан бөлек, Телман елді мекенінде емхана құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылы тағы екі ірі емхананың, сондай-ақ Өндіріс елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз.

← Барлық жаңалықтар