Мазмұнға өту
· 3 қаралым

140 балл талап па, тренд пе?

Биыл ҰБТ басталғалы бері 10 оқушы 140 балл алған. Бұл былтырғыға қарағанда бірнеше есе көп. Тіпті бесеуіне үй беріліп үлгерді. Бірақ мұны түлектердің шынайы жетістігі деп айта аламыз ба? Әлде басқа себеп бар ма?

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Астанада кезекті Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Оқушылар абыр-сабырмен келіп, өздерінің орындарына жайғасып жатыр. Көбінен алаңдаушылық және қобалжу байқалып тұр. Дегенмен өздерінің болашақтағы мамандықтарын таңдау үшін бүгін өздерінің сынағын өткізіп, балдарын жинайды.

НҰРАЙ БЕКЗАТ, ТҮЛЕК:

Иә, дайындығыма сенетінмін. Өзімнің қалаған балымды аламын деп ойлаймын. Оқып, өзіңе сенімді болсаң, бәрі оңай.

ЕРКЕБҰЛАН ДҮЙСЕНБАЙ, ТҮЛЕК:

Авиация саласына түскім келеді. Енді көреміз. Дайындалдық, қалай болады, солай болады. Бұйырғаны ғой.

Иә, бұл балалар сынақты енді тапсырып жатқанда, кейбірі одан сүрінбей өтті. Ең жоғары 140 балл жинаған түлек анықталып қойды. Ол – павлодарлық Альтаир Әсет. География-математика пәндерінен толық олжалы болды.

АЛЬТАИР ӘСЕТ, 140 БАЛЛ ИЕГЕРІ:

Негізі мен өзімнің дайындығымды 10-сыныптың тамыздың соңынан, қыркүйектің басынан бастадым. Сол кезде өзім гео-мат боламын деп, осы комбинацияны таңдадым. Бірақ менің сол кезде бастапқы точкам да өте жақсы болды. База жақсы қалыптасты мектептен. Мен сол кездерде математика пәніне көп көңіл бөлдім, математиканы жақсы оқыдым. Және тарих пәнін де өзім құлшына оқыдым деп айта аламын.

Мектепті үздік бітірген Альтаир қосымша орталықтарда да дайындалған. Сөйтіп ата-анасымен қоса ұстаздарын да қуанышқа бөледі.

МҰРАТ АСАИНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ №7 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Бұл құр мектептің ғана қуанышы емес, бұл біздің өңірдің, Павлодар облысының қуанышы деп есептеймін. Оқушының жеткен жетістігі менің ұстаздарымның жемісі деп атағым келеді.

Осылайша үздік түлектің еңбегі елеусіз қалған жоқ. ҰБТ-ға дайындаған орталық оған 50 миллион теңге тұратын пәтердің кілтін тарту етіп, ата-анасына 3 миллион теңге сыйақы берді. Ал білім сарапшылары мұндай жомарттық балалардың білімге деген бәсекесін арттыра түседі дейді.

АЙДОС ЖҰМАНАЗАР, БІЛІМ САРАПШЫСЫ:

Қазіргі жастар үшін көлік беру, үй беру – ол үлкен мотивация. Бұл жерде оқушылар сол үшін де шаршамай, қиналмай ұзақ уақыт дайындала алады. Негізінде менің көзқарасым бойынша әрине, бағалы сыйлықтар берген дұрыс. Өйткені спортта да бұл қарастырылған. Спортта да үлкен-үлкен сыйлықтар, сыйақылар тағайындалады. Білімде де бұндай жарыс болса, бұл жақсы деп ойлаймын.

Жалпы ҰБТ басталғалы 140 ұпайды 10 оқушы алған. Соның бесеуіне осылай бағалы сыйлықтар беріліп отыр. Әрине мұндай тарту-таралғыға әркімнің таласы бар. Алайда бар-жоғы 20 күнде бірнеше талапкердің 140 балл жинағаны депутаттарды ойландырып қойды.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Біздің түлектер жақсы балл алса, оған біз тек қана қуануымыз керек, бірақ дегенімен, қуана тұра біз оны тексеруіміз керек.

Ал Ұлттық тестілеу орталығы әзірге тек Альтаирдың жетістігі ғана мойындалғанын мәлімдеді.

НАУЖАН ДИДАРБЕКОВА, ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

10 мамырда басталған ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша 1 талапкер 140 балды иеленді. Ал сонымен қатар 140 балл иеленді деген талапкерлер бар. Олардың қатарында SAT сертификаты бар, IELTS сертификаты бар балалар бар. Әрине, бұл балалардың балы олар конвертация жүргізілгеннен кейін жүзеге асырылатын болады. IELTS сертификаттары мемлекеттік білім беру грантының конкурсына құжат тапсыру кезінде жоғары оқу орындарымен тексерілетін болады.

Сондай-ақ тек максимал балл алғандармен қоса, басқаларының да нәтижесі жан-жақты тексерістен өтеді.

НАУЖАН ДИДАРБЕКОВА, ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Барлық бейнежазбаларға талдау жасалады. Ол қаңтар ҰБТ-сы болсын, наурыз ҰБТ-сы болсын, негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу болсын, тиісті талдау жүргізіледі. Егер сол талдаудың нәтижесінде талапкерлердің тыйым салынған затты пайдаланғаны немесе ереже бұзғаны анықталатын болса, онда ол талапкерлердің нәтижесі жойылады.

Демек бұдан түсінгеніміз, бабы мен бағы қатар жүретін сынақтан ешкім оп-оңай өте алмайды. Бастысы қажетті балды абыроймен жинап, өзіңіз қалаған істің білікті маманы болсаңыз болғаны.

← Барлық жаңалықтар