Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Астанаға келдің бе? ЛРТ-ға міндің бе?

Астанаға келдің бе? ЛРТ-ға міндің бе? Елордаға асықтырған, туристерді ғашық қылған жеңіл рельсті көлік жүйесінің іске қосылғанына да бір айға жуықтады. «Тарлан» қазірдің өзінде 1 миллионнан астам жолаушыны тасымалдап үлгеріпті. Ал ЛРТ-ның бас қаланың дамуы мен туристерді тартудағы маңызы қандай? Оның болашағы қандай болмақ?

Астана жылқы жылында жаһанға «Тарланмен» танылды. Алты алаш әуеге бастар жол мен жүрдек көліктің жолайрығын жалғаған ЛРТ-ны 15 жыл күтті. Күтуге тұрарлық. Өйткені кемдік саналған кептелісті оңалтып, туризмге серпін әкелді. Жұрт бұрын Бәйтерек пен Ханшатырды көруге келсе, қазір ЛРТ-ға міну үшін арқаның төріне асығады.

ТУРИСТ:

Тараз қаласынан келдік бүгін қыдырып. Таңертең түстік. Көрейік деп міндік. Күшті деп тамашалап жатырмыз. Өте-өте керемет.

ТУРИСТ:

Бірден ЛРТ-ға келдік. Қаланы аралап келейік ЛРТ-менен деп. Жаңалықты көруге асығамыз ғой. Керемет, күшті. Жақсы жасалған.

ТУРИСТ:

Бұрындары әуежайдан қаланың орталығына қатынау үшін кемінде 5-6 мың теңге болатын такси. Қазір кез келген қарапайым халық әуежайдан 200 теңге төлеп, қаланың кез келген шетіне жете алады.

Елордаға ентелеп келген елге ғана емес, жергілікті жұрт үшін де ЛРТ жайлылық сыйлайды. Себебі…

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Көбі таңертең таксиге мініп, кептелісте тұрғысы келмейді. Енді бірі автобусқа қыстырылып мінгісі келмейді. Сол себепті қала тұрғындары үшін ең қолайлы транспорт – «Тарлан». Жанға жайлы, бағасы да қолайлы. Алайда ЛРТ тек тасымал құралы емес, қаланың сәнін келтірген бірегей жоба.

Иә, бұйыққан көліктермен ұйыған кептелісте тұрудан жұрт әбден мезі болған еді. Әсіресе әлемдік саясаттың алыптары арқаның төсінде бас қосқанда қаланың қозғалысы шектеледі. Қауіпсіздік пен құрмет бірінші орынға шыққанда, бұқараның талабы кейінге шегерілері даусыз. Ал көкпен заулаған Тарлан бұл түйткілдің де түйінін тарқатқандай.

АДИЯ ҚАРСЫБЕК, УРБАНИСТ:

Жақында Астанаға Ресей Федерациясының президенті келген кезде көлік қозғалысы шектелді. Адамдар сағаттап кептелісте тұрды. Сол уақытта қала тұрғындарының көбі ЛРТ-ны пайдаланды. Бұл өте ыңғайлы. Сондықтан ЛРТ-ның бас қала үшін маңызы зор. Бір күнде 100 мың адамды тасымалдауға қауқарлы тасымал құралы қоғамдық кеңістіктердің қалыптасуына әсер етеді.

Жеңіл рельсті көлік жүйесі күні бүгінге дейін миллиондаған адамды діттеген жеріне жеткізген. Ол үшін мыңдаған маман қапысыз қызмет қылып жатыр. Солардың бірі – Ғазиз Оразғалиев. Ол күнделікті пойыздың жағдайын жіті тексеру үшін таңғы төрттен бастап тірлігіне кіріседі. Өйткені қала тұрғындарының қауіпсіздігі басты назарда.

ҒАЗИЗ ОРАЗҒАЛИЕВ, LRT ПОЙЫЗДАРЫНЫҢ ОПЕРАТОРЫ:

Біз психологиялық дайындықтан өттік. Бізге сабақ берді. Сол үшін біз өз-өзімізді ұстаймыз. Ситуацияны бақылаймыз. Өйткені бізде үлкен жауапкершілік бар. Кез келген жағдайда біз ЛРТ пойыздарының операторы ретінде әр адамға жауап береміз.

Иә, жаңа жобаның арқасында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Олардың көбі ЛРТ-ны басқару үшін Қытайда білім алған. Сондықтан ЛРТ тек көлік жүйесі ғана емес, екі ел арасындағы көпір іспетті. Технология мен тәжірибе алмасу бағытындағы байланысты бекемдей түскендей.

ЖАДЫРА ӘСЕТҚЫЗЫ, ҚСЗИ АЗИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ АҒА САРАПШЫСЫ:

Бұл жоба Қытай мен Қазақстан арасындағы екі елдің ұзақ мерзімді серіктестігінің айқын дәлелі. Жабдықтардың Қытайдан келуі және кадрлардың дайындалуының өзі Қытайда болды, мысалы. Операторлар Қытайда, Тяньцзиньде оқып келді.

Қаланың темір тарланы құлашын кеңге жая бермек. Болашақта тағы 20 станция қосу жоспарда бар. Ескі вокзал мен «Жағалау» тұрғын алабының арасын жалғамақ. Қосшыдағы ағайынның да қуанар күні жақын. Сондықтан тәуелсіздіктің төл туындысы саналатын астанаға туристер де ағылып келері анық.

БАЗАРБЕК ҚАМЫСБАЕВ, ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Туристерге арналған өте үлкен комфортты жағдай жасайтын инфрақұрылымның бір бөлшегі. Мысалы, әуежайдан түскен турист таксидің орнына күндізгі уақытта ЛРТ-ны таңдайды деген ойдамын. Өйткені ол қаланың орталығына оңай жетуге мүмкіндік береді. Ал туристер үнемі баратын қаланы зерттеген кезде, алдын ала дайындалған кезде сол қаланың туристік қолжетімділігін, транспорттық жүйенің қолжетімділігін де қарайды.

Алайда жоба жалғасады дегенде жұрттың үрке қарағаны анық. Дегенмен бетон бағаналардың бетіне қан жүгіріп, қаланың күре тамырына айналдырған басшылыққа елдің де, Президенттің де сенімі мол.  Саяси идеология негізінде бас қала атанған Астана бұл күні күллі қазақтың саясы. Алып атыраптағы ат төбеліндей елді жарқын болашаққа бастаған, Жер жүзі кенет жүзік боп кетсе, жауһары сенсің – Астанам!

← Барлық жаңалықтар