Жыл басынан бері Алматыда жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерге 1,4 миллионнан астам әкімшілік хаттама толтырылды. Ал оның ішінде рөлге ішіп алып отырған 1400 тізгінші көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Кәсіби мерекелері қарсаңында полицейлер осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, мегаполисте қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға төмендеген. Ал қылмыстардың ашылу көрсеткіші 6 пайызға артқан. Бұл нәтижеге камералардың көбеюі және жасанды интеллект жүйесінің енгізілуі оң әсер еткен.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Профилактиканың маңызды элементтерінің бірі – бейнебақылау жүйелерін күшейту. Қазіргі таңда қала бойынша 200 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Оның 73 мыңы Жедел басқару орталығына қосылған. Ал 19 мыңнан астам камера бейнеаналитика және жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған.
Қаладағы қоғамдық тәртіпті 7 мыңнан астам полиция қызметкері қадағалайды. Әсіресе, профилактикаға баса назар аударылуда. Сонымен қатар алкоголь өнімдерінің түнгі уақытта заңсыз сатылуына жол бермеу мақсатында бақылау күшейтілген. Себебі құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі мас күйде жасалады. Жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылып отыр.
ТИМУР НОҒАЙБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүру фактілері бойынша жыл басынан бері 6600 ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта болуына жол берген 179 ойын-сауық мекемесі анықталып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды.