Аудан орталығынан алшақ, шалғай ауылдарда ел саулығы үшін қызмет етіп жүрген жүздеген мейіргер елордада бас қосты. Астанада өтіп жатқан халықаралық конференцияның басты мақсаты – отбасылық медицина мамандарының біліктілігін арттыру. Екі күндік алқалы жиында отандық және шетелдік сарапшылар ауыл дәрігерлеріне жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні жұмыста қолдану жолдарын үйретпек. Жиында Денсаулық сақтау министрі ақ халаттыларды алдағы кәсіби мерекесімен құттықтады.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Сонымен қатар, білім саласына байланысты айтып кететін нәрсе: жалпы дәрігерлік оқыту бағдарламасын толығымен қайта қарадық. 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бұл бағдарлама МСАК-қа арналған бағдарлама ретінде толықтай практикаға бағдарланатын болады.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, ендігі мақсат – медициналық оқу орындарын бітірген түлектерді жұмыс істеуге толық дайындау. Бұл реформа, әсіресе, кадр тапшылығы сезілетін шалғай өңірлер үшін өте маңызды. Айта кетейік, ауқымды жиынға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері де келген. Сарапшылар Қазақстанның алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі тәжірибесін жоғары бағалап отыр. Конференция соңында үздік медицина қызметкерлері арнайы марапаттарға ие болмақ.
ШӘМШӘГҮЛ ҚОНАШЕВА, КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫ:
Осы медицина саласында мейіргер болып еңбек еткеніме 36 жылдан жоғары еңбек өтілім бар. Осы уақыт ішінде халық денсаулығын сақтау үшін, ауыл тұрғындарының, ересектердің денсаулығын сақтау үшін талмай, қажымай еңбек еттім. Денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтарды естігеніме, соны ертең жұмыс уақытында пайдалануға мүдде жасаймын.