Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Ақ сүт төгілген ауыл

Теріскей тұрғындары ақ адал айран-сүтті жерге төгіп жатыр. Біреулер үйді асырап отырған жалғыз сауынды сиырының ағарғанын далаға ағызғаны аздай, онысын өріске шығара алмай, қораға қамап ұстауға мәжбүр.

Ильинкалықтардың еріксіз «карантинге» қамалғанына екінші апта. Тұрғындар күн көріп отырған сауын сиырларын өріске шығарудан қорқады. Малды жаппай титықтатқан жұмбақ дерттің нақты не екенін ауылдықтар әлі де түсіне алмай дал. Бірінің беті бері қараса, екіншісі көз алдында ауру болып барады. Жұрт бұл кесел іргедегі ауылдардан келді деп өзара күдіктеніп отыр. Ең сорақысы – ақ адал сүт ішуге жарамай, қора маңайында теңіздей төгіліп жатыр. Көпшіліктің жалғыз күнкөріс көзі саналатын мал өнімі бүгінде кәдеге аспай, қоқысқа тасталуда.

СЕРГЕЙ САРАТОВЦЕВ, ИЛЬИНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алдымен сілекейі ақты, кейін мұрнынан су ағып бастады. Судан да, шөптен де тыйылды, ештеңе жемей қойды. Содан екі-үш күн өткеннен кейін барып, кішкене күйсей бастады. Көрші Александровка ауылында да дәл осылай болып жатыр екен. Бұл сүттен айран, сары май да жасамаңдар, еш жерде саудаламаңдар деді. Амал жоқ, төгіп жатырмыз, басқа қайда барамыз? Бес сиырым беті бері қарап, жазылып кетті, ал жас малдар әлі де сәл ауырсынып тұр. Карантин жарияланған 4-інен бері малды өріске шығарған жоқпыз.

Дертке шалдыққан ондаған мал басы қазір иелерінің тәулік бойғы жіті бақылауында. Кеселдің ары қарай қанат жаюынан қорыққан жұрт алдын алудың түрлі амал-тәсілдеріне көшкен. Көпті көрген қариялардың өздері де мұндай жағдаймен өмірлерінде алғаш рет бетпе-бет келіп тұрғанын айтады.

АҚЫЛ ЖАНБОТИНА, ИЛЬИНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сосын аузын аштық та, оны фурацилинмен, марганцовкамен, сосын тұзбен шайдық. Сосын сол чесноктың бір коробкасын езіп, блендермен езіп, кесеге салып алып шықтық, ішіне тұз салдық та, сосын бала ұстап аузын ашты, лақтырдық.

Қорқыныш көзді байласа, күдік көңілді аулайды. Атқарушы билік ауылдағы бұл шуды бос байбалам, негізсіз үрейге балады. Аудандық ветеринариялық станция қауіпті вирус пен қатал карантинді үзілді-кесілді жоққа шығарып, жұрттың күдігін сейілтті, қауесеттің бетін қайтарды. «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» десек те, бұл дерт аса қауіпті індеттің шегіне жетпеген. Малдың жаппай қырылуы мен адам баласына төнер қатер де толықтай теріске шығарылды.

АМАНБОЛАТ ЖЕТЕКЕНОВ, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ СТАНЦИЯ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қазіргі таңда малға симптоматикалық ем-дом шаралары тағайындалды. Ауру белгілері анықталған барлығы 26 аула тіркелді. Алдын ала «стоматит» диагнозы қойылды. Дертке шалдыққан 56 бас малдың барлығы бүгінгі күні толықтай жазылып шықты. Біз аусыл ауруын үзілді-кесілді жоққа шығарамыз. Өйткені, біріншіден, малдың дене қызуы көтерілген жоқ, ал жоғары температура аусылдың басты белгісі. Екіншіден, зертханалық сараптама қорытындысы да теріс нәтиже көрсетті, яғни бұл аусыл емес. Оның үстіне, ауылдағы барлық мал басы бұл ауруға қарсы толықтай вакцинацияланған. Сондықтан карантин жариялауға ешқандай негіз жоқ.

Айта кетейік, осыдан екі ай бұрын дәл осындай жағдай іргедегі Николаевка ауылында да тіркелген болатын. Жергілікті мал дәрігерлерінің мәліметінше, ол жақта 30-дан астам ірі қара дәл осы стоматитке шалдыққан. Сондықтан мамандар бұл жолғы індеттің де беті тез арада қайтатынына сенімді.

← Барлық жаңалықтар