Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Зейнетке шығу шарты өзгереді

Елімізде зейнетке шығудың шарттары өзгереді. Енді азаматтардың жасымен қатар, олардың 40 жылдық еңбек өтілі де ескерілуі мүмкін. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы жұмыс тобын құрып, барлық ұсыныстарды талқылап жатыр. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Дегенмен бірнеше нұсқа бар.

Мәселен, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры тиісті төлемдерді жалақы мен еңбек өтіліне байланысты есептеуді ұсынды. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті жарналарды екі бөлікке бөлу қажет дейді. Дәлірек айтсақ, 4 пайызын жұмыскердің жеке шотына бағыттап, қалған 1 пайызын сақтандыру компонентіне жіберу керек деген пайымда. Осы орайда сенаторлар зейнетке шығудың жаңа шарты ретінде міндетті 40 жылдық еңбек өтілін белгілеуді көздеп отыр. Алайда жоғарыда айтылғанның бәрі әзір ұсыныс қана. Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер қордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін төлемдердің жеткілікті деңгейімен қамтамасыз ету үшін қажет.

← Барлық жаңалықтар