Жанәбіловтердің 8 темір тұлпары сатылымға шығарылды. Астанада блогерлерден сот шешімімен тәркіленген көліктер бәссаудаға қойылды. Хабарландыру «Е-Қазына» мемлекеттік мүлік тізілімінің сайтында жарияланған. Су жаңа седандардың құны нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. Әрқайсысы 8 млн 400 мың теңгеге бағаланып отыр. «Хюндай Элантра» маркалы темір тұлпарлар 2025 жылы конвейерден шыққан.
Хабарландырудағы деректерге сәйкес, барлық машина сотталған Эльмира Төлегенова басқаратын «Жаңа Бизнес» компаниясының атына тіркелген. Қазір олар бас қаладағы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансында тұр. Бір қызығы, көліктің техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес және қосалқы дөңгелек пен стандартты құралдар жиынтығы жоқ. Айта кетерлігі, аукционға жеке тұлғалар қатыса алмайды екен.