Әл-Фараби даңғылын түн ортасында жарыс алаңына айналдырған кім? Атышулы жол апатына себепкер болған жүргізуші шынымен де көшеде көлік додасын ұйымдастырған ба? Бүгін осы сұраққа қатысты куәгер Әсет Жақсылықовтан жауап алынды. Айтуынша, сол түні 23:00 шамасында айыпталушы Александр Пак отырған мейрамханаға барып, алты адам әңгімелесіп отырған көрінеді. Алайда ол айыпталушының алкоголь ішкен-ішпегенін нақты айта алмады. Кейін күдіктіні үйге қайтар жолда қымбат көліктің рөлінен көріпті. Куәгердің сөзінше, ол Достық пен Қажымұқан көшелерінің қиылысында Александр Пактың «Zeekr» көлігін байқаған. Бағдаршамның жасыл түсі жанғанда ол баяу қозғалып, кейін кенет жылдамдықты үдетіп, оза жөнелген. Ал Меңдіқұлов көшесіне жеткенде екі көліктің соқтығысқанын көрген. Ол бірден көлігін тастап, зардап шеккен Александрға алғашқы көмек көрсеткенін жеткізді. Айта кетерлігі, куәгер Әсет Жақсылықов сол түні өзінің жеке шаруаларымен қызметтік «Hyundai Palisade» көлігін айдап жүргенін және жол ережесін бұзып, қос тұтас сызықтан өтіп кеткенін сотта ашық мойындады.
Сондай-ақ 2026 жылғы 19 маусымда жол апатынан қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі Рүстембек Шотенов іс бойынша жәбірленуші ретінде танылып, сотта мәлімдеме жасады. Айтуынша, қайғылы жағдайдан кейін қызын жерлеу рәсімін өзі ұйымдастырған. Сол күндері кешірім сұрап келген күдікті Александр Пактың таныстарын қуып жіберіпті. Осыдан кейін олар Шотеновтің бұрынғы жұбайымен кездескен. Айыпталушыға кешірім берген де сол әйел болып шықты. Осылайша, енді сот процесіне ер адамның қорғаушылары да қатысатыны белгілі болды. Отырыстың қалай өрбитінін назарда ұстаймыз.