Мазмұнға өту
· 6 қаралым

3000 ота жасаған дәрігер

Елімізде ең күрделі оталарды небәрі 15 минуттың ішінде аяқтайтын феномен дәрігер бар. Қасиетті скальпелі мен қолының ептілігіне тәнті болған жұрт, ол кісі зейнет жасына шықса да, емханадан кеткенін қаламайды. Хирургия бөлімінде 41 жыл бойы табан аудармай қызмет етіп, 3 мыңға жуық жанның өмірін арашалаған ақ халатты абзал жанның мұндай шеберлігінің сыры неде? Білікті маманның сегіз қырлы, бір сырлы болмысын келесі сюжеттен көрейік.

Жазиралы Жаркент өңірінде Сымбат Сәрсенұлын танымайтын жан кемде-кем. «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөзді өмірлік ұстанымы еткен дәрігер саналы ғұмырын кіндік қаны тамған өлкенің медицинасын өркендетуге арнап келеді. Ақ халатты абзал жан 41 жылдық қажырлы еңбегінде 3 мыңға жуық адамға ота жасап, көбіне екінші өмір сыйлаған. Зейнетке шықса да, қолынан скальпелін тастамай, шипа іздеп келген әр науқасқа көмек қолын созуда. Әрбір сәтті отаның артында титтей қателікті көтермейтін зор жауапкершілік пен мұқият дайындық тұрады дейді.

СЫМБАТ САРИКОВ, ХИРУРГ:

Әрине, мынау операциялардың бәрі де, оталардың бәрі де жоспарлы жасалғаннан кейін арнайы дайындық болғандықтан, сәтсіздікке жол болмауы керек. Хирургтың жұмысы бірден көрінеді, сосын халық арасында хирургқа сенім көп.

Сымбат аға талай жыл бойы табан аудармай қызмет еткен емдеу мекемесінде қанша басшылық ауысса да, оның орнын басатын маман әсте табыла қоймайды екен. Өйткені ол үшін халықтың орасан зор сенімі әрқашан биік тұрады. Бүгінде соқыр ішек секілді оталарды 15 минутта аяқтайтын деңгейге жеткен. Ол Жаркент өңірінде бір тесік арқылы жасалатын аз инвазивті күрделі ота түрін алғаш енгізген тұңғыш маман. Ал иық тіресіп жүрген әріптестері алпысты алқымдаған ақ халатты абзал жанның жас буынға берері мол дейді. Біліктілігін үнемі шыңдап, Оңтүстік Кореяның жетекші клиникаларында тәжірибеден өткен дәрігер аймақта жасалмаған ең күрделі оталарды сәтті жүзеге асырған.

НҰРКЕН ҚҰСАЙЫНОВ, ЖАРКЕНТ АУДАНДЫҚ ЕМХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Мысалы, жаңа өздеріңіз көргендей, амбулаториялық хирургиялық орталықта бұл кісі, бізде көп ауданда жоқ мұндай орталықта, табан күректей қып қызыл еңбек етіп жүр. Сол жерде көптеген науқастардың алғысын алып жүр. Ол кісінің осы уақытқа дейін ешқандай науқастан арыз-шағым болған жоқ, тек алғыс болмаса. Тағы бір қосып айтып кететіні – бұл кісінің тәлімгерлік жолы да бар. Өзінен кейінгі тәрбиелеген шәкірттері, хирургтар облысымызда бас маман болып отыр.

Сымбат Сәрсенұлы жұбайымен ота кезінде танысыпты. Кезінде операция залында бірге қызмет еткен қос маман кейін шаңырақ көтеріп, үлгілі отбасына айналды. Бүгінде олар 3 бала өсіріп, оларды ұядан ұшырған бақытты ата-ана. Ал ақ халатты абзал жанның жолын қуып, дәрігер болуды армандайтын немерелеріне отбасы мүшелері қашанда қос қолдап қолдау көрсетуге дайын. Бүгінде зейнет демалысына шыққан кейіпкеріміз бос уақытын текке өткізбейді. Ол үйде ағаш пен темірден түйін түйіп, түрлі бұйымдар жасайды, тіпті тігін өнерін де меңгерген. Ал кейіпкеріміздің өзі бұл әмбебаптығын жылдар бойы хирургияда шыңдалған қолының ептілігі мен көз мергендігінің нәтижесі деп біледі.

СВЕТЛАНА ҚОЖАХМЕТОВА, ЖҰБАЙЫ:

Сәкең анық сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Әлгі айтады ғой, хирург тек кесуді ғана білмеу керек дейді. Хирург ол плотник болуы керек дейді, ол швея болуы керек дейді, ол электрик болуы керек, барлық мамандықты істей білу керек дейді. Тура сол айтқандай, Сәкеңнің қолынан келмейтіні жоқ.

Өмір мен өлім арпалысқан ота залында мыңдаған жанға қайта ғұмыр сыйлаған Сымбат Сәрсенұлының еңбегі ерен. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, отбасының ұйтқысы, шәкірттерінің ардақты ұстазы болып отырған кейіпкеріміз туған жерге ту тігудің шынайы үлгісін көрсеткен бірегей тұлға.

← Барлық жаңалықтар