Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Ауылдастарын қолдауды парыз санайды

Жамбыл облысын пияз және қант қызылшасымен қамтып отырған ауыл бар. Тереңөзек деп аталатын елді мекен жұрты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, мал шаруашылығының мықты маманы болып алған. Мұндағы шаруа қожалықтарының бірі жергілікті жұрттың әлеуметтік жағдайын жақсартып, ауылдың көркеюіне үлесін қосып келеді. Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Тереңөзек елді мекені ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп, мал азығын дайындаумен айналысады. Тіршілікке қолайлы өңірде тұратын Ғабит Сұлтанбаев 90-жылдардың құлдырауынан сиыр фермасын сақтап қалған. Осында шаруа қожалығын құрып, асыл тұқымды мал өсіруде.

ҒАБИТ СҰЛТАНБАЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Барлық ғимараттарды өз қолыммен, өз қаражатыммен тұрғызып, сол кезде кішкене мал жинай бастадым. Мың қой басына жеткізген кезде, асыл тұқымды мал басын бағуға көштім. Қазақтың қызыл жүнді қой шаруашылығымен айналыстым. Соның асыл тұқымды статусын алдым.

Шаруа қожалығының иесі туған ауылына қолдау көрсетуді парыз санайды. Кіреберісінен үлкен парк салу үшін 5 гектар жерін беріпті. Одан бөлек, ауыл азаматтары жеміс ағаштарын, шырша отырғызған. Оны суғаруға және электр қуатына кететін шығындарды өз мойнына алған. «Атқарылған барлық игі істің басы-қасында жүреді», дейді ауылдастары.

АЗАМАТ БОШАЕВ, ТЕРЕҢӨЗЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Асхананың ішінде ауыл ағайындары әр үстел басын өздері бөліп, ақшасын шығарып, ыдыс-аяғымен бірге алып берді. Сондай нәрселерге Ғабит ағамыздың қосқан үлесі бар. Қоғамдық істерде де ауыл ағайындарының үлесімен өзінің көмегін беріп жатады.

Шаруа қожалығының иесі осында тұратын 40 шақты адамды жұмыспен қамтыған. Одан бөлек, пай үлестері бар отбасыларға үнемі табысымен бөлісіп, жем-шөбін беріп отырады. Жағдайы төмен отбасыларын назардан тыс қалдырмайды екен.

ҚАНАТ СЫМАТ, ТЕРЕҢӨЗЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Ауылымыздағы әлеуметтік осал топтарға арасында көмектесіп, демеушілігін беріп тұрады. Бұл шаруашылықтың өзі мал шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысады. Бұл кісінің қарамағында малы бар, егіні бар.

Осылайша, Тереңөзек ауылы өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Пияз және қант қызылшасы, тағы да басқа дәнді дақылдардың біразы егіледі. Жақсылық пен қайырымдылықтың ұйытқысы болып жүрген Ғабит Сұлтанбаевты ауылдастары мақтаныш тұтады.

← Барлық жаңалықтар