Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Ақтөбедегі криминалистің бір күні

Әріптердің артында жасырылған қорқынышты құпияны оқып, өлген адамның соңғы хатын зерттейтін мамандар бар. Олардың жазуға қарап қылмыс жасаған адамның кінәсін әшкерелейтін әлеуеті бар. Әр детальды мүлт жібермей, тыныс белгісінің өзіндегі жасырын деректі дөп басып айта алатын азаматтың бірімен Ақтөбедегі әріптесім әңгімелесіп қайтты.

Ұшқыр ой, тиянақтылық пен икемділік – криминалистке керек ең басты қасиеттер. Азизаның бойында оның бәрі бар. Орта мектепті тәмамдаған соң көрші Ресейдегі Ішкі істер министрлігінің Волгоград академиясына түсіп, үздік тәмамдаған. Содан бері Ақтөбедегі полиция департаментінде қызмет етеді. Капитан Азиза криминалистикалық зерттеулердің 7 түрін жүргізеді. Соның бірі – қолтаңба. Біреулер үшін жай ғана шимай болып көрінген дүние мамандар үшін қылмыстың ашылуына себеп болатын деталь.

АЗИЗА ҚОЖАБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ КРИМИНАЛИСІ:

Қолжазба болса нақты, техникалық өзгерістерге ұшыраған ба, соны бірінші рет тексереміз. Өйткені принтермен шығарылған подпись сияқты нәрселер де болады ғой. Қобалжып тұрғаны, диагностикалық признактары болады, адамда «внутреннее состояние пишущего» деген бар ғой. Күштеп жазылған болса, ол да көрінеді. Өзі жазды ма, оның атынан жазды ма – соны анықтаймыз.

Қылмыс болған орынға ең бірінші болып жететіндер де – криминалистер. Фотоаппаратын асынып, айғақтар жинағанда қажет асау-мүсейін арқалап, сол маңды асықпай зерделейді. Мұндай кезде аяқ, саусақ іздері, титтей нәрсенің бәрі маңызды. Содан соң айғақтардың бәрін зертханада сараптайды. Мамандар соңғы технологияның арқасында қолдары ұзарғанын айтады. Саусақ іздері, биологиялық үлгілер арқылы біраз мәлімет белгілі болады екен.

АЗИЗА ҚОЖАБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ КРИМИНАЛИСІ:

Біздің жұмысымыз дәлдікті, ұқыптылықты және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Менің тәжірибемдегі ауқымды зерттеулердің бірі бойынша 129 адам жәбірленуші ретінде танылды. Бұл жұмыстың жауапкершілігі өте жоғары болды. Мен әр жәбірленушінің әділдікке қол жеткізуін ойлап, зерттеуді барынша сапалы әрі мұқият жүргізуге тырыстым.

Алты жылдан астам ішкі істер органдарына еңбек етіп келе жатқан Азиза Қожабаева – өзін мойындатқан маман. Биыл Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған республикалық «Үздік криминалист» байқауында бас жүлдені иеленді. Жауапкершілігі зор салада еңбек етіп жүрген ол қолы қалт еткенде екі баласының жанында болғанды қалайды.

← Барлық жаңалықтар