Алдағы уақытта Астанамыз адам танымастай өзгеруі мүмкін. Бас қалада әлеуметтік нысандар құрылысы үшін 224 жер учаскесі сатып алынғалы жатыр. Тұрғын үй инспекциясы басқармасының «Ашық бюджеттер» порталында мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін иеліктен шығару туралы бағдарлама жарияланыпты. Енді құжатқа сәйкес, осы учаскелерді алу үшін қазынадан бақандай 12 млрд 676 млн теңге бөлу жоспарланған.
Бұл қаражатқа төрт білім беру мекемесі, алты жол-көлік инфрақұрылымы нысаны, сегіз сквер, үш инженерлік инфрақұрылым мен алты өзге де нысан сатып алу көзделген. Жауаптылар жер телімі мен жылжымайтын мүліктің құны нарықтық бағамен бағаланатынын еске салды.