Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Аптап ыстықтан жұрт салқын жер іздеп жүр

Әшейінде жаздыгүні қоңыр салқын күнімен жұртқа ұнайтын Астана бір аптадан бері жанып тұр. Тіпті сонау соғыс жылдарындағы рекордтар жаңарып жатыр. Ал алдағы күндері еліміздің кей жерінде 40 градустан анағұрлым асып кетеді дейді синоптиктер. Мұндайда кейбір кісілерге ерекше күтіну керек.

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Осы аптада аптап ыстықтан жұрт салқын жер іздеп кеткені жасырын емес. Әйтеуір амалын тауып жатыр. Далада жүргені су ішіп, көлеңке кезсе, жұмыс істейтіндер «қоңыржай» кабинеттен шығуға асықпайды. Ал кейбірі қала маңындағы жағажайлар мен бассейндерді жағалап жүр.

Қапырықта әсіресе осындай хауыздар адамға лық толған. Жұмыс күндері де келушілердің қарасы көп. Тіпті демалыста осында келіп, орын таппаған кісілерді кері қайтаруға тура келіпті.

ЕРЛАН МҰСТАФИНОВ, МЕНЕДЖЕР:

Біз сағат 10-да ашыламыз да, 11-12-лерде бассейнді жауып қоямыз. Өйткені адам саны көп. Бізде үш шезлонг бар. Үшеуі де бос болмайды. Инстаграм, уатсап, барлық жерлерде сторис саламыз, орын жоқ деп.

Жалпы Арқа төсіндегі Астана да биыл қатты ыстықтан рекорд орнатты. Соңғы 85 жылда болмаған температура тіркелді. Бұған елордалықтардың да, келіп жатқан қонақтардың да еті үйрене қоймаған сыңайлы.

Дәрігерлер де шіліңгір уақытта далада көп жүрмеу керектігін ескертіп жатыр. Әсіресе қант диабеті бар әрі қан қысымы тұрақсыз жандарға оңай тимейтінін айтып, барынша абай болған жөн деп дабыл қақты.

ЖАЙНА ЕРӘЛІ, ТЕРАПЕВТ:

Мұндай ыстық ауа райы адам ағзасындағы зат алмасуға әсер етіп, сусыздануға әкелуі мүмкін. Сусыздану салдарынан адам организмінде қант деңгейі көтеріліп, қан қысымы тұрақты болмауы мүмкін. Сол себепті мұндай жағдайларда науқастарға кеңесім: қандағы қант пен артериялық қысымды жиі бақылап отыруымыз керек. Жаз мезгілінде күн өтудің, қант деңгейінің алдын алу үшін ашық түсті, табиғи матадан тігілген киімдерді киген абзал.

Ал гастроэнтеролог мамандар тамақтану кезінде де сақ болған жөн дейді. Қаталап тұрғанда мұздай су ішуге де болмайды екен.

Жазда тамақтану ерекшелігі бар. Жаңа піскен тағамдарды және де тоңазытқышта тұрған тамақтардан тамақтанған жөн. Біздің денеміздегі жылу мен асқазанымыздағы жылу бір температурада болып тұрады. Егер салқын су ішетін болсақ, жалпақ тілмен айтқанда шок болады. Асқазанымызда ауырсыну туғызады. Ол тамақтың қорытылуына зиянын тигізеді.

ЕРДЕН БИДАНОВ, САРЫАРҚА АУДАНЫ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Фонтанға түсу күнде кездеседі. Біздің жұмысшылар көрген сайын ескертіп отырады. Сосын фонтандарда неше түрлі инфекция болуы мүмкін. Өйткені бассейн емес қой. Фильтр болмайды. Химия қосу арқылы суды тазалаймыз. Фонтандарда насостар электр энергиясымен істегендіктен, тоқ жүріп жатады. Кабель, гофралардың ішінде су өткізбейтін болғанның өзінде ол қауіпті.

Не де болса, мамандар ыстық күнде де қауіпсіздік бірінші орында екенін ескертіп отыр. Егер ата-аналар бұған құлақ аспаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Одан да арнайы шомылатын орындарды таңдаған әлдеқайда дұрыс шешім дейді.

← Барлық жаңалықтар