Еліміздің флорасы мен фаунасы орнығып келеді. Бұл жұмыстардың артында табиғат жанашырларының еселі еңбегі жатыр.
Жуырда Үстірт мемлекеттік қорығының ғалымдары жабайы аң-құстарға мониторинг жүргізді. Мамандар фототұзақтар орнатып, жан-жануарлардың тіршілігін бақылап, жиналған деректерді өңдеуге кірісті. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады.
Ведомствоның дерегінше, мемлекеттік қорық аумағында мамандар бір апта бойы тынбай еңбек еткен. Енді алынған мәліметтер бірыңғай базаға тіркеліп, аң-құстардың популяциясы бойынша қорытындылар шығарылады. Қазірдің өзінде бір ғана жайтты сеніммен айтуға болады: инспекторлардың тәулік бойғы жұмысының арқасында жабайы жануарлардың саны айтарлықтай көбейген.