Қазіргі қыздар сұрайтын мәһрдің шамасы жартысына да жетпейді тесік қалта тақырдың. Оны есептеу үшін керегі жоқ ақылдың. Бүгінгі қалыңдықтардың қалауын естігенде талай күйеу жігіт аһ ұрды. Дәл неке бөлмесінен, имамның алдынан болашақ жарын тастап, есікке қарай атылды. «Әпермеді сұраған затымды, бермеді заңды ақымды» деп біраз бойжеткен де тастап кетті небір батырды. Мәһрге не сұрауға болатынын, нені сұрауға болмайтынын әріптесім біліп келді.
Мәһр, мәһр, мәһр деп, «ақ ұрасың ақым» деп, көнейін соған. Бұл сөздер бүгінгі отбасын құрып, үйленгісі келетін жігіттердің жырындай. Дінде мәһрдің ең төменгі шегі 4,25 грамм алтын деп өлшенгенімен, оның жоғарғы шегіне тыйым салынбаған. Содан болар, бүгінгі арулардың сұранысы шарықтап тұр. Алайда ғұламалар болашақ жарының жағдайымен санасқан қыздың некесі берекелі болатынын ескертеді. Бүгінде жігіттің мүмкіндігіне қарамай, қымбат көлік пен пәтер талап ету отау құрғысы келетін талай жасқа тұсау болып отыр. Негізінде, дәстүр мен дін үндескен жерде бойжеткен өз еркімен бұл сыйдан бас тарта алады екен.
МАХМУД ҚАСЫМ, «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:
Енді осы жерде түсіне кететін нәрсе: егер қыз сол қалың малын мәһр ретінде қабыл аламын десе, шариғат бойынша ол қалың мал болып саналады. Яғни дүние-мүлік сол қыздың өзінде қалса. Қазақтың да салтында солай. Жастар келіссе, ол қалың мал болып жүріп кетеді.
Бұл мәселеге қоғамның да берер жауабы әртүрлі. Қала тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама қазіргі ұрпақ пен аға буын арасындағы үлкен пікір қайшылығын ашып берді. Бүгінгі таңда жастардың бір тобы үшін бұл тақырып өте шетін мәселе: олар үшін мәһр — саудаласуға келмейтін негізгі шарт. Көңілінен шықпаса, «сол жерде сау бол, аман бол!» деп, некені қиылмай жатып тоқтатуға дайын. Ал аға буын бұл үрдіске үреймен қарайды. Көпті көрген үлкендердің айтуынша, қазіргі қыздар материалдық байлықты алдыңғы орынға қойып, мәһрдің кесірінен басындағы бағын тайдырып, өз бақыттарын өздері үркітіп жатыр.
ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ:
Сол мәһр сұраймыз деп басындағы бағынан айырылып жатыр ғой бәрі. Әйелің үй сұраса, үш бөлмелі пәтер сұраса не дейсің? Аман бол деймін, сау бол деймін. Басқа не деймін. Мен негізі ондайға қарсымын, мәһрде ондай жоқ қой. Пәтер сұрауға біреулердің жағдайы жетеді, біреулердікі жетпейді. Мен қарсымын.
Мәһр деп желіні шарлағанымыз сол еді, TikTok-та ат басындай алтын сұраған қыздарды да көрдік. Мәселен, желідегі танымал блогер Мадина Мамадалиева өзіне екінші әйел болуға ұсыныс түскенін, тіпті сол үшін бір миллион доллар мәһр беруге дайын мырзалардың барын айтып қалған еді. Десек те, виртуалды әлемдегі мұндай асқақ арман мен қымбат талғам шынайы өмірде шаңырақтың шайқалуына себеп болып жатқан көрінеді. Желіге еліктеп, желіккен сұраныстың кесірінен неке қиылмай жатып, ренжісіп жатқандар аз емес.
ЕРСЕЙІТ ӘЛІМ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Мына телефоннан, интернет желілерінен көріп алған: «Пәленше осындай сый-сияпат сұрапты, мынаны алыпты, ананы алыпты» деп, соған еліктеп, «мен де сондай сұраймын» деп айтқан кезінде некесі сол жерден тоқтап, әрі қарай: «Жаным, мен саған керек болмасам, менің дүнием керек болса, айналайын, дүниені ақ бере салайын», — деп, сол жерде екеуі ұрысып, неке қиылмай жатып ұрыс-жанжал сол жерден басталып жатыр ғой.
Асылында, бақыт ақшаға сатылмайды, ал сезімді сұраныспен шектей алмайсың. Жасанды жылтырға алданып, мәһрді малданып жүргенде, басымыздағы бақтан айырылып, бақытты үркітіп алмайық.