Әп-сәтте сегіз шаңырақ күлге айналды.
Алматы облысында бір-біріне жалғасқан барақ үй өртеніп кетті.
Талғар ауданындағы жалаңдаған қызыл жалын сағат үштер шамасында тұтанған. Куәгерлердің сөзінше, оған дейін қатты жел тұрып, қураған ағаштар құлап, электр сымдарын үзіп кеткен. Содан өрт шыққан. Тілсіз жау екпіндеген желдің кесірінен ырық бермеген көрінеді.
Ал аудандық төтеншеліктер сол күні от шарпыған бірнеше нысанда жұмыс істеп жатыпты. Әрі өрт жайлы хабар кеш түскен. Сөйтіп оқиға орнына жеткенше жалын 500 шаршы метр аумақты тып-типыл етіпті. Оның үстіне үйлер тез жанғыш материалдардан салынған көрінеді. Сәтін салғанда ешкім зардап шекпеген.
Өрттің қалай тұтанғаны анықталып жатыр.
Маржан Нүсіпбек