Түркістан облысына қарасты Кентау қаласын тағы да су шайып кетті. Жексенбі күні айналдырған 15-20 минут жауған нөсер төменгі жақта тұрған баспаналардың ауласына дейін кіріп, тіпті үйлерінің ішіне кірген. Абдыраған жұрт не істерлерін білмей қалғанын айтады. Осымен биылдың өзінде бірнеше рет қайталанып отырған жағдайды тездетіп ретке келтірмесе, мәселе жыл өткен сайын үдеп бара жатыр деп жыларман күйде болған қарашамен арна тілшісі тілдесіп қайтты.
Жаңбыр жауса болды, етігімен су кешіп жүрген кентаулықтардың жай-күйі бұл. Қас пен көздің арасында нөсердің суы аулалары мен үйлерін басып, быт-шытын шығарып кетіпті. Амалдың жоқтығынан қабырғаларынан тесік істеп, нөсерді сыртқа ағызып жіберуге тырысыпты. Бірақ лай араласқан су баспаналарының ішін быт-шытын шығарып, тұрмыстық техникаларын жарамсыз етіпті.
САНДУҒАШ ЖАҚЫПОВА, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Осымен үшінші рет су алып тұр. Техникаларымыздың бәрі күйіп кетті. Енді мынаның бәрі былшық-балшық болып жүрміз осы жерде, тамақ істейміз осы жерде. Түскі уақытта осындай жағдай болды. Әрине, көгеріп, артының бәрі опырылып, мынаның бәрі түсіп қалған.
Енді тұрғындар су шайып кеткен жерлерін ретке келтіріп әлек. Ал нөсер биылдыққа 3-4 рет әбігерге салыпты. Әр су алған кезде қаланың шенеуніктері, депутаттары келіп, бәрін қатырамыз деп уәдені үйіп-төккенімен, онысынан нәтиже жоқ дейді. Үйлері сақтандырылмағандықтан, шығынын да өтеп бермейміз деген екен.
БЕРІК ӘЛДИНОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жарықтар пайда болып жатыр. Дуалдарымыз жарылып жатыр. Асты құлап жатыр. Осы 4-5 жылдан бері пайда болған нәрсе ғой. Бұрын-соңды болмаған ол. Мына учаскелердің бәрі жекеге беріліп кетті. Арықтардың бәрі жабылды, көміліп қалды. Сонымен су ағатын арнасы болмаған соң, тасып, үйлерге қарай кіріп жатыр.
ҒАЛЫМЖАН КЕНЖЕБЕК, ТІЛШІ:
Екі ай бұрын аққан су мына үйдің шаңырағын опырып, ортасына түсірген. Енді осы маңдағы өзге тұрғындар да жандарын шүберекке түйіп отыр. Себебі дәл осындай жағдай өздерінің үйлеріне қайталанбасына кім кепіл дейді.
Ал көше жиегіндегі арық-атыздар да сметада көрсетілмеген деп орнатылмай кетіпті. Тіпті нөсердің ағысы қатты болғаны соншалық, тастардың барлығын ағызып, аулаларды жапырып өтіпті. Ал электр бағанасының да тозығы жетіп, су шая берген соң құлайын деп тұр екен.
НАРГИЗА ЗАЙТОВА, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
380 вольт қосылған. Құлайтын болса, жарық жартысына дейін беріп тұр. Құлайтын болса, біріншіден, жарықсыз қаламыз, екіншіден, бала-шаға, үлкен адам да қайтыс болуы мүмкін. Ол кезде барлығымыз зардап шегеміз.
Ал қалалық шенеуніктер мәселенің бар екенін беске біліп отыр. Тіпті тұрғындармен де кездесіп, проблемаларын тыңдапты. Бірақ жағдайды реттеуге нақты не істеп жатқандарын айта алмады.
СЕЙФУЛЛИН ҚҰРЫҚБАЕВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Құжаттар дайындалып жатыр. Сметалық жобалар. Құдай қаласа, болады. 1-2 айдың көлемінде болып қалады. Қарастыру бойынша сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Құжаттар дайын болған соң нақты айтылады. Биылға шешіледі. Күзгі жауынға дейін үлгеруге барынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Алайда жауапты шенеунік қанша шақырым арық-атыздар түсетінін нақты айта алмады. Ал жауаптылардың берген уәдесіне мүлдем сенбейтін тұрғындар келесі жаңбырға дейін өздері қамдарын жасауға кірісіп кеткендерін де жасырмайды.