Терезең темірдей болса, көңілің құлазымайды.
Соңғы кездері балалардың биіктен құлап кетуі жиілегендіктен, астаналық құтқарушылар атқа мінді.
Төтенше жағдайлар департаменті полиция қызметкерлерімен бірлесіп «Қауіпсіз терезе» акциясын өткізіп жатыр.
Шара аясында мамандар үй-үйді аралап, тұрғындарға қарапайым қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде.
Сондай-ақ қорғаныс құрылғыларын қалай дұрыс орнату керектігін көрсетті.
ӘЛИ АРҒЫНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ИНЖЕНЕРІ:
Бұл акция шеңберінде Астана қаласын толығымен қамтитын боламыз. 400-ден аса адам осыған шақырылып жатыр. Бүгінгі таңға дейін 1080 блокиратор орнаттық. Бір сәттік алаңдаушылық қайғылы оқиғаға алып келіп отыр. Астана қаласы бойынша мұндай оқиғалар көп. Масаға қарсы торлар адам салмағын көтермейді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Астанада 28 бала терезеден құлап кетіпті.
Өкінішке қарай, жеті оқиға қайғылы аяқталған.
Рамазан Палмағанбет