Алматының төтенше жағдайлар қызметі аяғынан тік тұрды. Алатаудың шыңынан бастау алған Ақсай өзені арнасынан тасып жатыр. Гүрілдеп аққан тау суы өзеннің іргесіндегі елдің зәре-құтын алды. Олар онсыз да іргетасы сөгіліп, қабырғасы қақырап тұрған үйімізді су шайып кете ме деп үрейленіп отыр. Өйткені ернеуіне жетіп, шегінен асып кеткен өзен суының қарқыны қатты.
ВАЛЕРИЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қазіргі уақытта, шыны керек, көңілімізде алаң бар. Өйткені мұнда өзеннің арнасы жиі өзгеріп тұрады. Бастауына қарасақ, қазірдің өзінде 40–50 метрге ауытқыған. Сондықтан кез келген бағытқа бет алуы мүмкін. Сарайым мен моншамды су басып кете ме деп алаңдаймын.
Қауіпті сезіп, елең-алаңда елмен бірге өре-түрегелген құтқарушылар жанталасып жатыр. Қызыл су қаһарына мінгенде қарсы тұратын құрал ретінде күрек пен қаптарды сайлап алған. Тыныш жатқан өзеннің тулауына қатты жаңбыр себеп болған. Қазір оқиға орнында екі жедел штаб құрылып, күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, тұрғындарға төнген қауіп жоқ, ешкім эвакуацияланбады. Өзеннің жай-күйі дронмен бақыланып отыр.