Жазғы демалыс қызған шақта Жетісудың туристік аймақтары қонақ қабылдауға тас-түйін дайын. Биыл Алакөлге 2 миллион, ал Балқаштың Лепсі жағалауына 150 мыңға жуық турист келеді деген болжам бар.Қонақ нөпіріне төтеп беріп, келгендердің көңілі жай болуы үшін өңірде жол-көлік инфрақұрылымы жарақтандырылып, жағажайлар абаттандырылып, инженерлік желілер жөнге келтіріліп жатыр.
Келбеті күнмен таласқан, таулары көкпен астасқан Алакөлді көруге жыл сайын мыңдаған турист ағылады. Биылғы маусымға да дайындық қызу. Осы жылы 2 миллионға жуық демалушыны күтіп алуға сақадай-сай отырған аймақ дайындықты әуежайдан бастаған. Мұнда ұшу-қону жолағы жаңартылып, күнделікті рейс іске қосылған. Сондай-ақ қосымша 12 теміржол бағыты еліміздің әр түкпірінен жолаушылар тасымалдауда. Бұдан өзге, өңірде инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жағалау толығымен абаттандырылған. Электр желісі мен су мәселесі де толық шешімін тапқан.
МАРЛЕН КӨЛБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазір мұнда электр жүйесі түгел жаңартылып, жаңадан жүргізілді. Бүгінгі күні электр қуатына байланысты ешқандай мәселе жоқ. Егер қандай да бір мәселе болса, ол сол демалыс аймағының өз кінәсінен болады. Орталық суға қосылса, ешқандай мәселе жоқ, су бар.
Халықтың сұранысымен жағалау аумағына 720 қоқыс жәшігі, 40-тан астам киім ауыстыратын орын салынған. Қоғамдық тәртіпті 50-ге жуық полиция қызметкері бақылауда ұстаса, судағы қауіпсіздікке 14 құтқарушы жұмылдырылған. Сонымен қатар 320-дан астам демалыс орнының ұсынысымен кәріз жүйелері салынып жатыр.
МӘДИ ОТАРБАЕВ, «TOLAGAI GLOBAL» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
Құрылыс жұмыстарының 70 пайызын бітірдік. Жұмысты 30 қыркүйекте, осы 2026 жылы аяқтаймыз. Сосын екі-үш ай технологиялық іске қосу кезеңі болады. Жабдықтар шетелден келіп жатыр. Соны орнатамыз, тамызда сынақтан өткіземіз.
Балқаштың да жай-күйі тасада қалған жоқ. Биыл көлдің Лепсі ауданына қарасты аймағына 150 мыңға жуық турист келеді деп болжануда. Қазір мұнда жаңа вокзалдың құрылысы қызу жүріп жатыр. Жыл соңына дейін нысан пайдалануға берілмек.
АҚТӨРЕ ҚИЯС, ЛЕПСІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Балқаш көліне де, Лепсі өңіріне де алып келетін жол тораптарының ең біріншісі — теміржол. 2025 жылы бұрынғы ғимарат сүріліп, жаңа вокзалдың құрылысы басталды. Құрылыстың қаражат көлемі 600 миллион теңгеден астам. Ғимараттың жалпы көлемі — 600 шаршы метр.
Сонымен қатар көлдің іргесінде үш коммуналдық жағажай салынбақ. Оның алғашқысы айдың соңында ел игілігіне беріледі. Алты гектар аумақта коммерциялық нысандар, санитарлық тораптар мен ана мен бала бөлмелері болады. «Балдәурен» және «Этно» атты жағажайлардың құрылысы жақын арада басталады деп күтілуде. Қазір жергілікті билік құжаттарын реттеп, конкурс жариялаған.