Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Түрген өзені тасып, адамдар эвакуацияланды

Алматы облысында Түрген өзені арнасынан шығып, тұрғындар шұғыл көшіріліп жатыр. Түрген — Асы жолындағы сел салдарымен күреске төтенше жағдайлар қызметі жұмылдырылған. Жедел штаб тәулік бойы кезекшілікте тұр. Толассыз жаңбыр кешелі бері Алматы облысының құтқарушыларын аяғынан тік тұрғызды. Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген өзенінің су деңгейі арнасынан асып кетті. Сол маңдағы демалыс орындарының 17 киіз үйі су астында қалды.

Саяжайдағы бірнеше ауланы су басып, кеше 58 адам эвакуацияланған. Ал бүгін 42 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Оның 21-і — бала, сегізі — шетелдік саяхатшы. Британдық турист те бір ажалдан аман қалған. Шатырда алаңсыз жатқанда жақындап қалған судың гүрілін естіп, беткейге шығып жан сақтаған.

ЭВАКУАЦИЯЛАНҒАН ТУРИСТ:

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне алғысым шексіз. Олар мені тығылып жатқан жерімнен алып шықты. Солардың арқасында тірі қалдым.

ЭВАКУАЦИЯЛАНҒАН ТУРИСТ:

Алматы облысының құтқарушыларына зор алғыс айтамын. Біз қиын жағдайға тап болған кезде олар келіп, бізді құтқарды.

Қауіптің алдын алу үшін жедел штаб құрылып, құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Тасқын салдарын жою жұмыстарына 300-ге жуық жеке құрам мен 50-ге тарта арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта өзеннің деңгейі тұрақты бақылауда. Жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

АҚТОТЫ ДӘУКЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Еңбекшіқазақ ауданындағы нөсер жауын салдарын жою жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізілуде. Су тасқыны салдарын жоюға Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің және жергілікті атқарушы органның күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қазіргі уақытта арнайы техниканың көмегімен апаттық-қалпына келтіру, зақымданған автомобиль жолын тазарту және көлік қатынасын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Мұнда Ақсай өзенінің жағалауын су шайып, карьерлердің бірінде топырақ сырғыған. Адамдар зардап шекпес үшін мамандар жақын маңдағы тоғыз үйдің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп, 11 адамды құтқарған. «Қазгидрометтің» болжамы көңіл көншітерлік емес. Апта соңына дейін өңірдің таулы аудандарында, соның ішінде Түрген шатқалында күн райы тұрақсыз болады. Өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнап, дауыл тұрып, тұман түседі.

← Барлық жаңалықтар