Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Шымкент адам танымастай өзгеріп жатыр

Шымкентте бірден үш жаңа парк ашылып, халық аң-таң болды. Сынған орындықтар, ескірген аттракциондар, ретсіз өскен ағаштар мен қараусыз қалған бұрыштар қазір жоқ. Олардың орнына көз тартатын жасыл аллеялар, заманауи демалыс аймақтары, субұрқақтар салынып кетті.

Тағатсыздана күткен нысандардың бірі – бұрынғы «Мир фантазий» саябағының орнында небәрі екі айдың ішінде бой көтерген City Park болды. Кезінде тозығы жетіп, тартымын жоғалтқан аумақ бүгінде адам танымастай өзгерді. Қазір мұнда заманауи серуендеу аймақтары, көркін келістірген амфитеатр, спорт алаңдары, балалардың қызығушылығын оятатын интерактивті кеңістіктер және отбасылық демалысқа жайлы жағдай жасалған.

ҚҰДАЙБЕРГЕН ҚҰРБАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұрынғы кезде ескі еді. Оны түсінуге болады. Әдемі. Не дейміз, қолдаймыз. Осылай көркейе берейік. Шымкент әрқашанда жақсы жағынан көріне берсін.

СВЕТЛАНА АРТЕМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл саябаққа келсек, өте керемет болыпты. Бұрын мұнда, шынын айту керек, бәрі ретсіз еді. Қауіпсіздік мәселесіне ешкім мән бермейтін, айналаның бәрі лас, күтімсіз болатын. Мұның бәрін өздеріңіз де көрдіңіздер.

Халықтың аузын аштырған тағы бір көз тоятын аймақ – бұрынғы «Кен баба» саябағының орнына салынған ерекше стильдегі Жапон бағы. Мұнда көз тартар гүл аллеялары, тас композициялар, мөлдір тоғандар мен сыңғырлаған сарқырамалар саябақтың көркін келтіріп тұр.

ӘСЕЛ АРЫНБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Шымкент қаласындағы ең бірінші жапон стиліндегі саябақ болған соң келіп көрдік. Өте қатты ұнаған соң кеше келіп кеткен болатынбыз. Бүгін киімімізбен фотосессия істеп, сондай әдемі екен. Инстаграмымызға контент те жасап алайық деп бірден келіп. Тіптен өте күшті контент шығып жатыр. Негізінде жыл сайын Шымкент көркейіп, әдемі болып келе жатыр ғой.

Иә, сөзінің жаны бар. Шымқала жан-жақты дамып, қарқын алып келеді. Мәселен, тағы бір ауқымды жобалардың бірі – аумағы 45 гектарды құрайтын Экопарк. Бұрын бұл жерде қоқыс полигоны орналасқан еді. Ал бүгінде ол үлкен жасыл аймаққа айналып, серуендеу жолдары, көрініс алаңдары, жасанды көл және мыңдаған көшеттермен көмкерілген кең саябаққа айналды. Бұл жоба тек жаңа демалыс орнын қалыптастыруды ғана емес, сонымен қатар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуды да мақсат етеді.

ӘБІЛҚАЙЫР ОҢҒАР, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл жұмыстардың барлығы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жүргізілді. Бұл Экопарктегі ағаштардың барлығы жайқалып, өзінің максималды әсемдігін беріп, қаламыздың микроклиматын қалыптастыруға өзінің үлкен үлесін қосады деген сеніміміз бар.

Жалпы City Park, Жапон бағы және Экопарк жай ғана жаңа демалыс орындары емес, бұл Шымкенттің өзгеріп, күннен күнге жаңарып келе жатқанының айқын көрінісі. Енді жергілікті тұрғындар келген қонақтарын еш қысылмай-ақ, мақтанышпен қала ішінде қыдырта алады.

← Барлық жаңалықтар