Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Жарық жиі өшеді, мәселені кім шешеді?

Алматыда бүтін бір тұрғын үй кешені жарыққа жарымай отыр. Жиі сөнетіндіктен жұрт әбден зәрезап болған. Электр қуаты болмаған соң насостар істемей, жоғарғы қабаттарға су шықпай қалады екен. Қалада отырып дәретханаға бара алмай қиналғандар көп. Бұған жауаптылар артық қыламыз деп тыртық қылған компанияны кінәлап отыр.

Райымбек батырдың атын иеленген тұрғын үйдегілердің жарыққа жарымай жүрміз деп ашынуда. Соңғы бір айда үш рет өшіп, бір тәулікке дейін берілмеген кездері болыпты. Мың жарымдай пәтерде тұратын 6 мыңнан астам тұрғын әбден қиналып кеттік дейді. Подъездері тас қараңғы болғандықтан, кіріп-шығу қиындаған. Ал сорғыш істемегендіктен жоғарғы қабаттарға су жетпеуде. Жаздың аптап ыстығында жұртшылық жуыну түгілі, ішетін суға зар болып отыр.

ГҮЛЖӘМИЛӘ ИМАНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен 11-қабатта тұрамын. Түсіп-міну қиын. Лифтіде жарық жоқ. Ары қарай тоңазытқыштың суы ағып жатыр. Түнгі 11-ден бастап жарық жоқ, 12 сағаттай болды. 11-қабат болған соң бізде насос көтерілмейді. Дәретханада су жоқ болған соң өзіңіз білесіз.

Бұл жағдай әсіресе жоғарғы қабатта тұратын егде жастағы жандарға ауыр тиюде. Жеделсаты істемегендіктен далаға шығудың өзі мұңға айналған. Ал үйдің іші қапырық, ауа баптағыш жұмыс істемейді. Тіпті тоңазытқыштағы тамақтарымыздың өзі бүлінуге айналды деп ашынуда.

ІҢКӘР АЙТМҰҚАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үш неделя покой. Содан кейін не астыға түсе алмаймын. Таңертең көршілерім тамақ әкеліп берді. Су жоқ, өздеріңіз көрдіңіздер. Мен білмеймін, бұл мәселені қалай шешеміз? Тоңазытқыш, морозильниктегі продукты еріп жатыр. Бұл мәселені кім шешіп береді бізге?

Тұрғындардың айтуынша, бар гәп тұрғын үй кешеніне келетін негізгі және қосалқы кабельде көрінеді. Сапасыз болғандықтан үзіліп кете береді екен. Ара-тұра жарықсыз қалатын қараша басқарушы компанияның кеңсесіне барып та базыналарын жеткізді. Ал құрылыс компаниясының өкілдерінің сөзінше, жерасты кабельдерін үйдің айналасын абаттандырып жатқандар зақымдайтын көрінеді.

ӘСЕТ АЛМАБАЕВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің бір кабель, сосын городской кабель жарылған екен. Бірақ біреулер жұмыс істеген ғой. Сосын олардың лабораториясы шықпады. Біз лабораториясын шақырдық. Кеше осы жерде благоустройство жасаған кезде түнде обрыв жасап алған ғой. Сол біреуін жасасақ, екіншісі жоғары жағынан атылды да. Қазір енді білмей жатырмыз. Лаборатория шақырдық, жұмыс істелініп жатыр.

Жоғары кернеулі жерасты кабелінің үзілген жерін тауып жалғағанымен, дәл жанынан тағы бір ақау шыққан. Мамандар әйтеуір өйтіп-бүйтіп жатып ретке келтіргендей болды. Жарық қайта берілгенімен, тұрғындар тағы да өшіп қалмасына кепілдік жоқ дейді. Сондықтан олар қит етсе шыдас бермейтін кабельді тексеріп, тіпті болмаса жаңасына ауыстыру керек деген талап қойып отыр.

← Барлық жаңалықтар