Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдады. Кездесуде әлемнің жетекші телеарнасымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Президент бұл арнаны жаһандағы беделді ақпарат құралдарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ 2024 жылы Астанада өңірлік кеңсе ашылғалы бері арна Қазақстан мен Орталық Азияның саяси, экономикалық және мәдени өмірін халықаралық аудиторияға кеңірек таныстыра бастағанын айтты. Айтпақшы, сүйінші жаңалық: енді Euronews қазақ тілінде жаңалықтар таратады. Бұл жөнінде Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов мәлімдеді.
ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Баршаңыз білесіз, қазіргі таңда Euronews ҚР аумағында орысша ақпарат тарататын. Дегенмен осы сәттен бастап ғаламтор арнасында қазақ тіліндегі шығарылымдарын жариялайды. Жалпы баршамызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарын қоғамның үні, айнасы деп бағалап келеді.