Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Шу халқы жарыққа жарымай жүр

Жамбылдық жұрт екі жылдан бері жарыққа жарымай отыр. Айтуларынша, жауын жауып, жел тұрса, жарық жыпылықтап, өшіп қалады. Тұрмыстық техникалары бірінен соң бірі күйіп, жаңасын сатып алудан шаршаған Шудың халқы май шамның жарығымен отыр.

Тоғыз жолдың торабындағы басты мәселе қазір – жарық. Өйткені желдің екпіні күшейіп, жаңбыр шелектеп жауған күні электр желісі үзіледі. Тұрғындар май шамға амалдайды. Бұл іс бұқараға үйреншікті жағдайға айналған. Ертеңіне жауаптылар жөндеп кеткенімен, ауа райы қайта бұзылса, жарық әдеттегі әдетіне басады деп жұрт жыларман.

ҰЛТУҒАН ТОҚСАНБАЕВА, ШУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Май шамды дайындап отырамыз. Кейде жарық өшіп қалса. Жарыққа да сенім жоқ. Суға да сенім жоқ. Бағаналар шіріп жатыр. Тоқтар, жел тұрса, жалбырап өшіп жатыр.

Шағын шаһар жұрты шенеуніктер цифрлық дәуір орнады деп жарияға жар салғанмен, өткен ғасырдың күйін кешіп отырмыз дейді. Жарықтан бұрын несиеге алған тұрмыстық техникалардың күйгені көңілдерін күпті еткен. Бүгінде табиғат тосын мінез таныта бастаса, тоңазытқыштан бастап тоқты суырады. Әйтпесе жарық-жұрқ еткен жарық әп-сәтте бәрін жарамсыз етеді. Қоғам белсендісі де бұл мәселені бірнеше рет көтерген. Алайда әзірге нақты шешім таппапты.

МАҚСАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Бұл күннен күнге күрделеніп келе жатқан мәселе. Бірақ шешімі жоқ үлкен мәселе болып тұр ғой. Тоқ тұтынушылар өздерінің ақшаларын төлейді. Бірақ РЭС тарапынан қандай қызмет көрсетіліп тұрғанына разы емес. Неге? Кішкене ғана жел тұрса, жарық өшеді. Басқасы құриды. Тоққа керек мәселенің барлығы құрдымға кетеді.

Әлеумет әлекке түсіп жүргенде әкімдік пен РЭС соттасып жүр екен. Екі жыл бұрын басталған дауға әлі нүкте қойылмапты. Аудандық және облыстық соттарда жергілікті билік жеңіске жеткенімен, кассациялық сот бұл шешімдердің күшін жойған. Сөйтіп, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің шотын бұғаттап, 170 миллион теңгеден астам қарызды өтеуге міндеттеген. Бүгінде берешек толық өтеліп, аудан әкімдігі Жоғарғы сотқа қайта шағым түсіріпті.

НАЙМАНХАН ӘБДІРАШЕВ, ШУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кейбір линияларды тозған ол! Бұған кезең-кезеңімен ауыстырылып, жұмыс жасалып жатыр. Коммуналдық қызметтердің бәрі тиісті деңгейде жұмыс істеп тұр. Жарық бағаналарын, ескіргендерін ауылдық округтердің өзінің күшімен кезең-кезеңімен ауыстырылып жатыр.

Аудан билігі жұртқа электр қуатының толық жетпеуін жарық жүйесінің ескіргенімен түсіндірді. Себебі аудандағы электр желілері 80 пайызға тозып кеткен. Ал РЭС тоққа қатысты түйткіл алдағы уақытта толық шешімін табады дейді. Өйткені бұл бағыттағы жаңғырту жұмыстары биыл басталмақ екен.

← Барлық жаңалықтар