Айтуға тілі жоқ хайуанның ауырып тұрғанын жанарынан ұғатын жандар бар. Олар аң-құстың нағыз жанашырлары. Олар да сағаттап тікесінен тік тұрып операция жасайды. Бүгін сол ветеринарлардың кәсіби мерекесі екен. Қарағандылық Евгений жануарларға алғашқы көмекті небәрі 14 жаста көрсетіпті. Сол сәттен бастап ветеринар болуды мақсат еткен.
ЕВГЕНИЙ КРЮКОВ, ВЕТЕРИНАР-ХИРУРГ, ТРАВМАТОЛОГ:
Біз осы қалада жамбас буынын толық эндопротездеу операциясын жасадық. Бұл Қазақстанда біздің мамандардың қолынан келген алғашқы операциялардың бірі. Иттердің миына артық сұйықтық жиналған кезде де арнайы операция жасаймыз. Ота кезінде арнайы түтікше орнатылады. Сол арқылы мида жиналған сұйықтық іш қуысына ағып шығады. Омыртқаға да қысым түсіретін ауруларға күрделі операциялар жасаймыз.
Ветеринария саласында да жануарлардың түрлі жарақат алуы жиі кездеседі екен. Сондықтан травматолог ветеринарларға сұраныс жоғары.
МАКАР КЛЕВЦОВ, ВЕТЕРИНАР-ХИРУРГ, ТРАВМАТОЛОГ:
Біз күніге шамамен 7-10 ота жасаймыз. Оның 3-4-еуі шұғыл болуы мүмкін. Мысалы, бүгін бізге 5-қабаттан құлап кеткен мысықты шұғыл жеткізді. Осылай құлау, жолда қағып кету, басқа жануарлармен таласқанда жарақат алу сынды оқиғалар жиі кездеседі. Оларда тіл жоқ. Сол себепті кейде иелері ауырғанын білмей, кеш әкеліп жатады.
Евгений мен оның әріптестері тек ит пен мысықты ғана емес, жабайы жануарларды да емдейді. Мысалы, былтыр мына үкіні қарағандылық Анар айдаладан жаралы күйі тауып алған. Содан осы дәрігерлерге әкелген. Жарақаты ауыр болған соң қанатын кесуге тура келіпті.
АНАР ШАЙМЕРДЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Операциядан соң қауырсындары қайта өспей қала ма деп қатты уайымдадым. Бірақ бәрі қалпына келді. Қауырсындары қалың әрі түзу өсті, тәбеті де жақсы. Арнайы жемді жейді. Жақсы қоректенеді. Бір жылдың ішінде үкі 100 грамнан астам салмақ қосты. Қазір шамамен 300 грамм тартады.
Клиникада сондай-ақ жанаттар мен тасбақалар, ірі кесірткелер мен тау-таста жүретін тіршілік иелері де емделген.
ЕВГЕНИЙ КРЮКОВ, ВЕТЕРИНАР-ХИРУРГ, ТРАВМАТОЛОГ:
Мысалы, екі арқар сүзісіп, біреуі жартастан ұшып кетіп, аяғын сындырған. Соны орманшылар бізге алып келді. Жұмыртқалай алмай жатқан тотықұстарды да алып келеді. Соларға көмектесеміз. Кірпілер де жиі келеді.
Евгений бұған қоса зооқонақүй де ашып қойған. Мұнда үй жануарлары қожайындары демалыста жүргенде уақытша қалады. Ал жарақат алып, күрделі операция жасалған хайуанаттар сауығып кеткенше осында болады екен.