Үздіктердің үздігі!
Қазақстандық оқушылар әлемдік олимпиадада рекорд жаңартты. Біздің саңлақтар физикадан Колумбияда өткен халықаралық сайыста топ жарып, алғаш рет 5 бірдей алтынды қанжығаларына байлады.
Интеллектуалдық жарысқа 85 елден 381 оқушы қатысқан.Жас физиктер біліммен қатар, талдау қабілеті мен практикалық дайындықты талап ететін күрделі теориялық және эксперименттік есептерді шешкен.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама білім додасына 3 жыл дайындалыпты. 60 жылға жуық өткізіліп келе жатқан халықаралық олимпиадаға еліміз 1997 жылдан бері қатысып келеді.
Былтыр Қазақстан намысын қорғаған дарынды да білімді шәкірттеріміз 2 күміс және 3 қола медальді жеңіп алған болатын.
Жанар Арғынова