Мазмұнға өту
· 19 қаралым

Алтын Орданың әлемдік өркениет тарихындағы орны қандай?

Әлем тарихындағы Алтын Орданың маңызы қандай?

Дәл осы мәселені Алматыда бас қосқан отандық және шетелдік тарихшылар, археологтар мен шығыстанушылар талқылады.

Ірі ғылыми-зерттеу орталықтарын тіреп тұрған мамандардың пікірінше, Алтын Орданың адамзат өркениетіне, түркі әлемінің өркендеуіне қосқан үлесі орасан зор.

Дегенмен өткен тарихымызды зерттеуде кемшін тұстарымыз да жоқ емес.

ДОСБОЛ БАЙҚОНАҚОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

Қазіргі таңдағыдай шынайы кейіппен оған ден қою орын ала қойған жоқ. Өйткені оған советтік идеология көп кедергі келтірді. Неге десеңіздер, Шыңғыс хан жаман, оның бастаған ордасы, соңынан ерген тайпалар, халықтар, бұлардың барлығы отырықшы халықты қинады деген сияқты. Оларға үнемі үстемдік жасады, зорлық-зомбылық жасады деген көзқарастар тұрғысынан жазылды.

Алқалы жиынның басты мақсаты — Алтын Орданың әлемдік өркениеттегі орнын айқындап, соңғы бірегей ғылыми жаңалықтарды саралау.

Сондай-ақ көне жазба деректерді зерделеу мен тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері де назардан тыс қалмады.

Басқосуда отандық ғалымдар өздерінің соны тұжырымдары мен зерттеу нәтижелерін таныстырды.

БЕРЕКЕТ КӘРІБАЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

Бүгінгі жиынның ерекшелігі — мұнда тек қана тарихшылар емес, сонымен бірге Алтын Орда дәуірімен айналысып жүрген әдебиетшілер, көне қазақ тілінің мамандары, археологтар және Алтын Орданың тарихы мен Қазақ хандарының тарихымен айналысатын әлеуметтік, экономикалық, саяси тарих мамандары ерекше бас қосып отыр.

Ұлан Тәліпбай

← Барлық жаңалықтар