Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Абайлаңыз, 46 градус ыстық келе жатыр

Дәрігерлер +46 градусқа дейін көтерілетін аптап ыстық кезінде сақтық шараларын ұстануға шақырды.

Абайлаңыз, елімізге +46 градус аптап ыстық келе жатыр. Осыған байланысты ДСМ қазақстандықтарды аса сақ болуға шақырды. Ал Алматыда басынан күн өтіп, шұғыл медициналық көмекке жүгінгендер көп. Шілде басталғалы бері жедел жәрдем қызметіне 33 мыңнан астам шақырту түсіпті. Ал Шымкентте қатты ыстыққа адам түгіл, термометрлер шыдамай күйіп кетіп жатыр.

Шіліңгір шілде алматылықтарды әбден әбігерге салуда. Күн күрт ысып кеткендіктен жедел жәрдемге жүгінгендер көбейген. Бәрінің шағымы бір: ыстықтан қан қысымы көтеріліп, созылмалы ауруы бар азаматтардың жағдайы нашарлаған. Жүрегі қысып, ентіккендер де жетерлік. Дәрігерлер жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфаркті көптеп тіркеліп жатыр дейді. Аптап ыстықта медицина мамандары дамыл таппай жұмыс істеуде.

АЛМА БАДУАНОВА, МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІНІҢ АҒА ДӘРІГЕРІ:

Шілде айының екі аптасында бізде жедел жәрдемді шақыратындар көбейіп жатыр. 33,6 мыңнан астам шақырту түсті. Оның ішінде бір жарым мың шақырту көбейді. Соның ішінде қан қысымының жоғарылауы, жүрек аурулары, бас-ми қан айналысының бұзылуы аурулары. Осы аптап ыстықтың әсерінен шақыртулар көтеріліп, жоғарылап жатыр.

Күннің қызуы төбеден төніп, қапырық болып кеткендіктен тұрғындар су бұрқақтарды сағалап, саябақтарды жағалап, көлеңке жерлерді паналауда. Айтуларынша, бұрынғыдай алшаң басып, емін-еркін жүрудің өзі мұңға айналған. Тіпті көшелерде адам қарасы да азайған. Шаруасымен шыққандар тынысымыз тарылуда деп шағымдануда.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кері әсері — ауа жетпей қалады көшеде келе жатқанда. Сосын мына скамейкаларға отыруға тырысамыз. Өйткені қатты ыстық. Көшеде мынандай орындар көп болса, тіптен жақсы халыққа. Ал былай көшеде ештеңе жоқ, біраз жер жүріп келдім. Сөйтіп отырмын. Күн өте ыстық.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бүгін күндіз далаға шыққан едік, бұл жағдайымызға әсер етті. Өзімізді шаршаңқы сезініп жүрміз. Басымыз да сәл ауырып тұр.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Менің басымнан қатты күн өтеді, ол рас. Менің басым ауырады. Кейбір кезде өзімді жаман сезінемін. Жұмысқа жаяу барамыз, сол кезде ауырады.

Дәрігерлер созылмалы ауруы бар азаматтарға денсаулығына ерекше көңіл бөлу керектігін айтады. Нұсқауларды қатаң сақтап, дәрі-дәрмектерін уақтылы қабылдағаны жөн. Қан қысымы мен қандағы қант деңгейін тұрақты бақылап, мүмкіндігінше күндіз, әсіресе 11:00 мен кешкі 17:00-ге дейін далада бей-берекет жүрмеуге кеңес береді. Ал шығуға тура келсе, күннің астында көп жүрмей, бас киім және күннен қорғайтын көзілдірік кию керек.

АЛМА БАДУАНОВА, МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІНІҢ АҒА ДӘРІГЕРІ:

Мынандай аптап ыстық кезінде көлеңке жерде, көбінесе үйде отырғандары үлкен адамдарға дұрыс деп ойлаймын. Қазір көбіне үлкен адамдар және балалар, жүкті әйелдер осындай ыстықты көтеру өте қиын болып жатыр. Сондықтан мүмкіндік болса, үйде отырса. Одан кейін күнделікті қабылдайтын дәрілерін қабылдап, су ішу режимін сақтаса, жақсы болады.

Тағы бір қаперде ұстайтын нәрсе: ересектер тәулігіне кемінде 2 литр су ішуі керек. Сонымен қатар алкогольді ішімдіктерді, тәтті газдалған сусындарды және кофені шамадан тыс тұтынбаған абзал. Егер басыңыз қатты ауырып, әлсіздік пайда болса, жедел жәрдем шақырыңыз. Өйткені алдағы үш күнде ауа температурасы +46 градусқа дейін ысиды.

← Барлық жаңалықтар