Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Елорданы су басып кетпей ме?

Мамандар Астананың айналасын қоршап, тас-түйін дайындалуда. Қызу жұмыс күндіз-түні бір тынбай, аласапыран болып жатыр. Мұның бәрі бекер емес, халық апат көрмесін, елге қауіп төнбесін деген тірлік. Онысы тағы ең жоғарыдағы басшылықтың тікелей бақылауында. Бас қалаға қандай қауіп төнуі мүмкін?

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Біз міне Астана су қоймасына табан тіредік. 1970 жылы пайдалануға берілген бұл стратегиялық маңызы зор нысан бүгінде миллионнан астам тұрғыны бар елорданы ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Арада 55 жыл өткен соң мұнда алғаш рет ауқымды тазарту жұмыстары қолға алынды. Жылдар бойы түбіне жиналған лай мен шөгінділер арнайы техниканың көмегімен шығарылып жатыр. Соның нәтижесінде су қоймасының сыйымдылығы артып, елорданың су қоры көбейеді.

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы неге тазартылмады деген сауал бізді де алаңдатты. Былай қарағанда 55 жыл аз уақыт емес қой. Сөйтсек, мамандардың айтуынша, бұл қалыпты жағдай екен. Жиналған қоқым-соқымның су құрамына еш зияны жоқ. Ал оны тазартудың өзі бейнет, қыруар техника мен миллиардтаған қаражатты қажет етеді. Мұны ескерген жауаптылар арнайы машиналарды өздері сатып алып, жұмысты кезең-кезеңімен жүргізуге шешім қабылдаған. Бұл кезең шамамен 13 жылға дейін созылуы мүмкін.

НҰРБЕК СЕРІКОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Есіл өзені өзі ильвый отходтары өте көп емес, таза су деп айтуға болады. Шөгінділері де аз болады. Сондықтан оны 13 жылда жоспарлаған, кезек-кезекпен, яғни әр участокпен тазалайтын жоспарымыз бар. Сондықтан ол өзімізге жеткілікті.

Жалпы, Астана су қоймасының сүйегі мықты. Осыншама жыл бойы бір сыр бермей жұмыс істеп келеді. Енді оның алдағы онжылдықтарда да сенімді қызмет етуі үшін Су ресурстары министрлігі нысанды жаңғыртуға ерекше назар аударып отыр. Қазір кешенді жаңарту жобасының сметалық құжаттары әзірленуде. Жоспар бойынша гидротораптағы негізгі жабдықтар толық ауыстырылып, су қоймасының мүмкіндігі арта түспек.

АРСЕН ЖАҚАНБАЕВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүкіл дамбасы, осы негізгі дамбасы күшейтілетін болады және ішкі еңіс жұмыстары. Яғни ол суға жақын болғандықтан, ең қиын жұмыстары сол болады. Және де қазіргі талапқа сәйкес автоматтандырылған жүйе орнатылады. Және мониторинг жүргізетін жүйе орнатылады.

Жалпы сыйымдылығы 410,9 млн текше метр болатын су қоймасын көзбен көріп, жүзеге асатын жобаны құлақпен естіп, жауаптылардың уәдесін алып, әрі қарай қаланың негізгі тірегі саналатын бөгетке ат басын бұрдық. Бұл анау-мынау нысан емес, елорданың қауіпсіздігі мен мыңдаған тұрғынның тыныштығына берік болатын бөгет. Қазір мұнда да жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл тек судың жолын бөгеп қана қоймай, заманауи жүйелер арқылы қауіп-қатерді байқап, тасқынның алдын алуға көмектеседі.

НҰРБЕК СЕРІКОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Астыңғы БИЕВ-тен дренаж жүйесі құрылды. Ол жұмыс істеп тұр. Қыркүйек-қазан айларында су жағынан панур, яғни қарсы фильтрлік қабат жүргізіледі. Және дамбаның үстіндегі жол тегістеліп, ұзартылады.

Бөгетте жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар таңдай қақтырды. Ал Қосшы қаласының маңында бой көтергелі тұрған апаттық су бұру каналының жөні тіптен бөлек. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін елорда жұрты арқаны кеңге салып, еш уайымсыз отырады. Яғни бұл өзге бөгеттерде су ауыз мұрнына шығып, қауіп төнген жағдайда бар салмақты өзіне алатын арна болмақ.

АЛЕКСАНДР ПОПОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл тек төтенше жағдайда ғана қолданылатын жүйе. Егер бір күні су көлемі күрт көбейіп, шектен тыс деңгейге жетсе, алдымен оны контрреттегіш қабылдайды. Ал артық су автоматты жүйе арқылы осы каналға жіберіліп, қаланы айналып өтіп, Нұра өзеніне бағытталады. Әрине, бұл арнаны ешқашан пайдалануға тура келмесе екен дейміз. Бірақ елорданың қауіпсіздігі кез келген жағдайға дайын болуы керек.

Осылайша, бас шаһардың айналасында қауіптің алдын алатын қорғаныс жүйесі біртіндеп күшейіп келеді. Жамандықтың беті аулақ болсын дейміз. Бірақ сақтықта қорлық жоқ!

← Барлық жаңалықтар