Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Тандырханада жарылыс болып, адамдар зардап шекті

Астанада жарылыс болды. Базар маңындағы тандырхананың тас-талқаны шығып, тұрғындардың төбе шашы тік тұрды. Ал дәмханадағы дүмпуден жапа шеккен 4 адам ауруханаға жеткізіліпті. Олардың үшеуі бірдей жан сақтау бөліміне жеткізілген.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Тұтас елді дүрліктірген тандырханадағы төтенше жағдай таңғы тоғыздарда тіркеліпті. Жойқын жарылыстан мұндағы қос қазандықтан басқасының барлығының тас-талқаны шыққан. Шытынаған шынылар мен қопарылған қабырғаның қалдықтарын түгелдей жинап біту әлі де мүмкін емес. Алдын ала ақпарат бойынша апатқа газ баллоны себеп екен.

Шашылған көкөніс пен ыдыс-аяққа қарап, жұмыстың қызу болғанын аңғаруға болады. Өйткені самса сататын орын құрылыс базарымен қосарланып орналасыпты. Ал ғимараттың бірінші қабатында болған жарылыстың жойқындығы сонша, іргесіндегі мекемелердің де шынылары шағылған.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жалынды жалпылап жүріп ауыздықтапты. Үш адамды үйіндінің астынан аман алып қалған. Ғимараттармен қоса жақын маңдағы көліктердің біріне де зақым келгенге ұқсайды.

АСЛАН ТІЛЕУБАЕВ, БАЙҚОҢЫР АУДАНЫ ТЖБ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бүгін таңертең 101 арнасына Шара Жиенқұлова көшесінде дәмханада жарылыс болғаны жайлы ақпарат түсті. Төтенше жағдай қызметкерлері оқыс оқиғаның зардаптарын жоюға кірісті. Сонымен қатар төрт адамның зардап шеккені анықталды. Олар дереу ауруханаға жеткізілді.

Ал базарға жеткендерді, саудаға емеурін еткендерді тандыр самсамен тойдырған төрт жұмысшының екеуі шетел азаматы екен. Ал бірі 16 жастағы бозбала көрінеді. Ол бірден жансақтау бөліміне жеткізіліпті. Сондай-ақ денесін күйік шалған екі ересек адамның жағдайы ауыр дейді дәрігерлер.

САХЫБЕК ОРЫНБАСАРОВ, КҮЙІК ДӘРІГЕРІ:

Бізге шұғыл түрде үш науқас жеткізілді. Екі науқастың жағдайының ауырлығына байланысты жан сақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда екі науқастың жағдайы өте ауыр. Бір науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық емге жіберілді.

Оқыс оқиғаға себеп 50 литрлік газ баллоны дейді білетіндер. Дегенмен тандырханадағы жарылысқа қатысты тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғапты. Апаттың алдын алмайтындар артын ала күреспек енді.

← Барлық жаңалықтар